Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов облыс орталығында құрылысы жүріп жатқан бірқатар нысандарды аралады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Шаһар басшысы алдымен «Шығыс» шағын ауданындағы «Көктем» скверіне барып, демалыс аймағының қазіргі жай күйімен танысты. Бүгінде бұл жер жасыл желекке оранған. Мұнда тал көшеттері отырғызылып, әсем гүлдер қалаға ерекше көрік беріп тұр.

Суретті түсірген Айдын Нұршанов

Алайда, күннің ыстығынан көк шөп жабындысының кейбір жерлері сарғайып қалыпты. Осыны байқаған әкім жауапты мамандарға сын тағып, қураған жерлерді қалпына келтіруді міндеттеді.

Сондай-ақ, Ғ.Әбдірайымов демалыс аймағының жан-жағына бейнебақылау камерасын орнатуды тапсырды.

Осыдан кейін қала әкімі студенттер жатақханасының құрылысымен танысты. 280 орындық нысан үстіміздегі жылдың қазан айында қолданысқа берілмек.

«Астана құрылыс» АҚ ҰҚК-ның мердігер басшысы Қайрат Сандықбаевтың айтуынша, қазір мұнда 128 адам жұмыс жасап жүр. Жақын күндері құрылысшылардың саны көбейіп, жұмыс қарқыны артпақ. Заман талабына сай салынып жатқан жатақханада жатын бөлмелерден бөлек, кітапхана, жаттығу алаңы, асхана және кино залы болады деп күтілуде.

Келесіде Ғалымжан Райылұлы дарынды балаларға арналған №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейін барып көрді. Қазір бұл мектепке күрделі жөндеу жүргізілуде. Жұмыс барысымен танысу кезінде шаһар басшысы жылу құбырын тартып жатқан жұмысшылардың ісіне мін тақты.

«Мына қазылған орынды жабатын кезде тек осы жерден шыққан ұсақ тастармен көміңіздер. Байқасам, мұнда топырақ және басқа да қоқыстар араласып кетіпті. Егер көму кезінде бұлар араласатын болса, үш-төрт айдан кейін жер отырып қалады. Осыған көңіл бөліңіздер», — деді.

Сонымен қатар, қала әкімі өзге де құрылысшыларды сапалы жұмыс жасауға шақырып, нысанды оқу жылы басталғанға дейін аяқтауды тапсырды.

Ғалымжан Әбдірайымов жөндеуден өтіп жатқан аулалардың жұмысымен де танысты. Сапасыз жасалған жұмыстарға қатаң сын айтып, орын алған олқылықтарды тез арада ретке келтіруді міндеттеді.

Айта кетейік, биыл Талдықорғанда 48 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Қала басшысы жаңадан салынып жатқан 7-ші шағын аудандағы 45 және 60 пәтерлі тұрғын үйді де назардан тыс қалдырмады. Қазір мұндағы құрылысты «Сурмак» компаниясы жүргізуде. Алайда, аталған мердігер мекеме мен кірістер департаменті арасындағы қаржы мәселесінің ретке келмеуі салдарынан жұмыс тұралап, құрылыс екі айға кешігіп келеді.

Әкімнің айтуынша, бұл мәселе шешілген көрінеді. Енді жұмыс қарқыны да күшеймек. Бұдан былай қала әкімі жағдайды назарда ұстайтынын айтып, құрылысшыларға нақты тапсырмалар берді.

Осыдан кейін Ғ.Әбдірайымов 8-ші шағын ауданда бой көтеріп жатқан 125 пәтерлі екі тұрғын үйдің құрылысын көрді. Бұл баспаналар алдағы уақытта көпбалалы аналарға берілетін болады.

Мұндағы үйдің құрылысын «LEPES» ЖШС өз қаражаттары есебінен жүргізуде. Оның 100 пәтері 3 бөлмеден, қалған 25 пәтері 4 бөлмеден тұрады. Үйдің құрылысы біткен бойда жергілікті әкімдік дайын үйді сатып алмақ. Мердігер мекеме құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың қараша айында аяқталады дейді.

Дәл осы маңайдан «7-20-25» бағдарламасы бойынша 40 пәтерлі тұрғын үй салынуда. Қала әкімі ол жерге де арнайы барып, ондағы жағдаймен танысты. Құрылысшылардың санын арттырып, шұғыл түрде жұмыс күшін көбейту керектігін айтты. Айталық, бұл үй де жыл соңына қарай қолданысқа беріледі.

Қазіргі таңда Алматыдан Талдықорғанға кіреберіс жерде 600 коттедждің орны бар. Бүгінде сондағы 160-қа жуық баспананың құрылысы аяқталуға жақын.

Одан бөлек, Ынтымақ ауылының қасында көпбалалы аналарға арналып 100 коттедж салынуда. Бұл үйлердің кілті де жыл аяғына қарай табысталмақ.

Шаһар басшысы құрылыс нысандарын аралап, мердігер басшыларымен бірге жоба жоспарларды талқылады. Өзінің ойын айтып, кейбір жерлерге өзгертулер енгізді.

Құрылыс алаңдарын аралап болғанан кейін әкім Ынтымақ ауылындағы үйлердің суға қосылу барысын қадағалады. Қазір мұндағы 260 үйдің 105-не су кіргізілген. Ал, қалған үйлердің тек қабырғасы ғана тұрғандықтан суға қосылмаған. Жұмысшылар ол үйлердің орындарына да су тартып, есептеуіш құрылғыларды орнатып тастайын десе, біреулер ұрлап кетеді ме деп алаңдап отыр. Сондықтан үй иелері келсе ғана қосып береміз дейді.

Әкім Ынтымақ ауылын аралай жүріп, көшелерге қиыршық тастардың төселуін де назардан тыс қалдырмады. Жауапты мамандардың айтуынша, биыл бұл елді мекеннің 31 көшесіне тас төгілмек. Яғни, бұл көктем мен күз мезгілдерінде лай-батпақ кешіп жүрген ауыл тұрғындарының тілеуі орындалды деген сөз.

Ғалымжан Райылұлы Талдықорған қаласына қарасты Өтенай ауылдық округінің құрамына кіретін «Жастар-2» және «Жастар-3» ықшам ауданындағы инфрақұрылым жұмыстарымен танысып өтті. Яғни, мұнда кәріз жүйесі, су және электр желілері толығымен тартылып болғаннан кейін алдағы уақытта жер кезегінде тұрғандарға жеке тұрғын үй салуға жер берілмек.

Сондай-ақ, шаһар басшысы орталықтағы арбатқа барып, қалада атқарылып жатқан жол құрылыстарының жобасын көрді.

Айта кетейік, биыл Талдықорғанда 119 көшеге жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Соның ішінде 32-не күрделі жөндеу жүргізіліп жатса, 42 көшеге орта деңгейдегі жұмыстар жасалуда. Одан бөлек, 45 көшеге қиыршық тас төселіп, 78-не ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілмек.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK