Алматы облысында «Бірге. Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акция аясында арнайы сенбілік өтті. Оған аймақтағы барлық мекемелердің жетекші-мамандарымен бірге Талдықорғандағы «Қазсушар» республикалық  кәсіпорны Алматы филиалының ұжымы да белсене атсалысты. Олар облыс орталығына жақын орналасқан «Алмалы» су қоймасы маңын лас қалдықтар мен шөп-шалаңнан тазартты.

БАҚ өкілдеріне сұхбат берген «Қазсушар» Алматы филиалы директорының орынбасары Саят Құдайберген: «Бүгінгі ҚР эклогия министрлігінің бастамасымен өтіп жатқан акцияға облыс әкімдігімен қатар аймақтағы барлық аудан, қала әкімдіктері жан-жақты қолдау көрсетуде. Бүгінде Жетісу өңіріндегі «Қазсушар» республикалық  кәсіпорны Алматы филиалында 900-ге жуық адам жұмыс жасайды. Соның ішінде аталмыш сенбілікке 500-ден астам адам қатысты. Олар Ақсу, Көксу, Алакөл, Ескелді, Қаратал, Панфилов, Ұйғыр аудандары мен Талдықорған қаласы аумағын шөп-шалаңдар мен күл-қоқыстардан тазартуға кірісті. Сонымен қатар, мұндай тазалық жұмыстары Қапшағай, Балқаш, Алакөл аумағында жүріп жатыр.  Ал облыс орталығы Талдықорғандағы орталық аппараттан 48 қызметкер «Алмалы» су қоймасының маңын тазалауда. Бұл шараның басты мақсаты – жер, су және ауа тазалығына баса мән беріп, табиғи экологиялық тепе-теңдікті сақтау. Сондықтан, табиғат тазалығы көпке ортақ іс» -деді.

Нақты мәліметтерге сүйенсек, қазіргі таңда «Қазсушар» Алматы филиалына қарасты 15 су алу гидроторабы және 9 су қоймасы бар. Су  жүйелері арқылы 4 мың 400 шақырымды құрайтын суармалы алқапқа су жеткізеді.

«Қазсушар» Талдықорған өндірістік бөлімшесінің басшысы Мырзахан Әбдешовтің айтуынша «Алмалы» су қоймасының іргетасы 1978 жылы қаланған. Жалпы су сиымдылығы 5,5 млн. текше метр. Қазір онда 3,2 млн. текше метр су бар.  Аумақта түрлі көкөністер мен жем-шөп, жүгері егіледі. Маусымдық бір кезекте бір миллион текше метр су қолданылса, жалпы қойма ондағы жерден игіліктеніп отырған шаруалардың егістіктеріне қажетті сумен толық қамтамасыз етіп келеді. Жылдық пайдаланатын судың асып қалуына байланысты болашақта суармалы жер көлемі тағы да ұлғайтылмақ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK