кәіпкер
дереккөз

Президент  Қасым-Жомарт Тоқаевтың 10 міндетіндегі басты бағыт- әлеуметтік сала. Халықтың табысын арттыру және әлеуметтік мәселелерді шешу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, өңірлерді дамытудың жаңа бағыты ұсынылды. Енді осы алға қойған міндеттерді орындау әр істе бағдар болуда. Талдықорғанда құс цехын ашып, шөжелерді өсіріп жатқан жас кәсіпкер бар.  Ол — Нұрсұлтан Жақаев.

«- Мен «Үйтас» саяжайында тұрамын. Қандай кәсіп түрін ашсам болады деген  сауалмен Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Ол жердегі мамандар  кәсіппен айналысқың келсе,  шағын несие алуға болатындығынан хабардар етті. «Нәтижелі жұмыспен  қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды  іске  асыруға болады екен. Мемлекеттік грантқа қол жеткізетіндігіме көз жеткізіп, бұл іске кірістім. Жоба жасап, керекті құжаттарды өткіздім. «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлік негіздері жобасы бойынша оқыдым. Арнайы сертификат иелендім. Жоба жасау ретін сол жерде үйрендім.

Құс цехын ашу туралы жобасы арқылы  қайтарымсыз 252000 теңгеге ие болдым. Қажетті құрал-жабдықты сатып алып, арманыма қол жеткіздім.

Бала кезде әр үйде кем дегенде 10 тауықтан болатын. Кейін  тауық асыраушылар қатары  азайып кетті. Тауық көрмейтін болдық. Өзім осы жоба аясында-  құс шаруашылығын неге дамытпасқа деп ойланып жүргенмін. Ойым жүзеге асты. Ең алдымен инкубатор аппаратын сатып алып, оған  күрке тауық пен үйректің жұмыртқасын салдым. Сөйтсем, жұмыртқаның сапасына, бағасына көңіл бөлу керек екен. Оны қайдан білем. Қолға түскенін аппаратқа салып жібердім. Қанша күн қою керектігін, арнайы технологиясы бар екендігіне көңіл аудармаппын. Бастапқыда шыққан  күрке тауықты өзіме алып қалдым.

 Содан қазір тек тауық балапандарын шығаруға ден қойдым.  Жалпы нарықта тұқымы асыл  тауықтардың жұмыртқасы қымбатқа түседі. Жұмыртқа кемінде 21 күнге қойылады. Кететін шығын да бірталай. Шөжелерге сұраныс бар. Айына 100 балапан шығаруға болады. Жаз кезі ғой, тұрғындардың  өздері келіп сатып алады. Шығарылған күніне қарай бағасы әрқалай болады. Апталық балапан 300 теңге көлемінде», — дейді кәсіпкер Нұрсұлтан Жақаев.

Талдықорған қалалық жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, қайтарымсыз гранттар жұмыссыз азаматтар үшін өте тиімді әрі олар өзін-өзі жұмыспен қамтуға мүмкіндік алады.

«Мемлекет тарапынан көмек жасалды.Ризамыз. Іске қажетті шикізатты алатын жерді іздеп тауып алдым. Жалпы қандай іс болмасын, бастау қиын, әрине. Қиындық кездесіп жатыр. Алайда, ойымды іске асырсам деп алға ұмтыламын»,-дейді кәсіпкер Нұрсұлтан  Алмұратұлы.

                                                                  

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK