Алматы облысының тәртіп сақшылары «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы барысында бір күн ішінде жол жүру ережесін сақтамаған жаяу жүргіншілерді анықтау бойынша арнайы рейдтер жүргізді. Рейд нәтижесінде жүзден астам жүргіншінің жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені анықталып, оларға айыппұлдар салынды.

«Жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол қозғалысы ережелерінің қатаң сақталуын қадағалау мақсатында өткізіліп отырған республикалық іс-шара барысында жол қауіпсіздігіне баса назар аударылуда. Іс-шараның алғашқы күні қауіпсіздік белдігін тақпаған 101 жүргізуші және жаяу жүргіншіге жол бермеген 34 көлік иесі анықталды», — деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жол жүру ережелерін өрескел бұзған 15 темір тұлпар арнайы автотұраққа тоғытылды.

Айта кетейік, шілде айында облыс аумағында 95 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Көлік апаттарынан 43 адам қайтыс болып, 140 адам әртүрлі дене жарақатын алған.

«Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында полицейлер жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, 1200-ден астам буклеттер мен жадынамалар таратты», — деп атап өтті облыстық полицейлер.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK