Жыл сайын күз айында Талдықорғандағы көмір алуға тұртын көлік  кезегі биыл да қайталанатын түрі бар. Себебі, қазір қоймаларда қара отын қоры жеткілікті болғанымен жергілікті жұрт  оны үйлеріне түсіртіп алуға еш асығар емес. Қыс болса, қыр астында. Тұрғындар қыстың қамын жаз ойлап осы бастан қамданбағанда енді біраз уақыттан кейін қоймалар алдында ұзын сонар көлік нөпірі пайда болып, баға да бірден шарықтап шыға келеді. Қазірдің өзінде жаз бойы  әр тоннасы 12 мың 400 теңгеден саудаланып келген Семей көмірінің бір тонасына тағы 300 теңге қосылып 12 мың 700 теңгеден сатыла бастады, — дейді мамандар.

Алайда оған жергілікті тұрғындардың да өз айтары бар. Біріншіден, қазіргі таңда қатты отынды ала қоятын халықтың қалтасында қаражат жоқ. Өйткені, тамыз айының аяғында бір үйден бірнеше оқушы мектепке және жоғары оқу орындарына оқуға аттанады. Олардың киім-кешегі мен қағаз-қаламдарын сатып алып беруге қыруар қаражат қажет. Зат бағасы болса күн санап шарықтап барады. Бұл қаржы қалталы адамдар үшін көп болмағанымен күнделікті тапқаны тамағынан аспайтын қарапайым тұрғындарға ауыр салмақ. Екіншіден, кейбір тұрғындардың айтуынша қазіргі көмір сату орындарындағы тау-тау болып үйіліп жатқан көмірлер жаз бойы ашық алаңдарда жатып жауын шайып, күнге күйіп әбден сапасын жойған. Отынды соншама ақшаға алып үйге әкелгенмен бірден ұсақталып кетеді.

 

Осы мәселеге байланысты, біз Талдықорған қаласындағы бірнеше көмір сату орындарын аралап мән-жайді біліп қайтқан едік. Бүгінде Талдықорған қаласы бойынша қатты отын саудалайтын  «АРС», «Умаров», «Сауда-Көмір», «Вертекс Холдинг», «Айнабеков», «Гасанов», «Мусанов», «Абдраимов», «Уйсембеков», «ВВН», «Миргиязов» жаукершілігі шектеулі серіктестігі сынды 10 көмір тұйығы бар. Оларға 11 кәсіпкер арнайы көмір жеткізумен айналысады. Көмір негізі темір жол арқылы Қарағанды және Семей өңірлерінен әкелінеді. Аталған қоймаларға қазірге 15 мың 800 тоннадан астам көмір түсірілген. Жалпы аймақ тұрғындарына  қажетті көмір 180 мың тоннаға жуық деп жоспарланған.

Қаладағы Д. Рақыш көшесі 10-шы аулаға орналасқан көмір тұйығының сатушысы Бейбіт Нұржанұлы: — «Қазіргі уақытта біздің қоймада 5 мың тоннаның үстінде көмір бар. Жаз айы күн ыстық болғандықтан көмір алушылар өте аз. Күніне бірнеше көлік, шамамен 40-50 тонна көлемінде ғана көмір сатылады. Соның өзінде маңайдағы ауылдардың адамдары келіп алып жатыр. Ал,  қала тұрғындары  әлі алар емес. Күз айы басталып, күн салқындаған сайын жұрттың көмірге деген сұранысы артады. Кезекке тұрған жүк көліктерінің қарасы да көбейіп,  қала ішіндегі  үйлерге  көмір тасымалдайтын жеке меншік көлік  иелері де тасымал ақысын көтеріп алады. Бұл жылда болып тұратын құбылыс» — деді.

Келесі кезекте біз Желтоқсан көшесі бойында орналасқан «Абдраимов» көмір сату орнына бардық. Қойма қожайыны Абламет Абдырайымовтың  айтуынша, ол жерде де 5 мың тоннаға жуық көмір бар. Алайда, аталған қоймадағы отынның барлығы да  биыл түсірілгенімен жаз бойы  жауған жаңбырмен шыжыған ыстықтан өздігінен ұсақталып кеткен. Әр тоннасы 10 мың 800 теңгеден түсірілген қатты отынның енді үлкен шығын әкелетін түрі бар. Жылда мұндай ұсақ көмірлерді аймақтағы кірпіш зауыттары талап алып кететін. Биыл көптеген құрылыс орындары кірпішті Алматыдан тасымалдайтындықтан өңірдегі кірпіш зауыттары жұмысын тоқтатқан. Сонымен олар да ұсақ көмір алуды мүлде қойған.  Оның үстіне кейбір жылыту маусымына көмір пайдалатын орындардың барлығы «тендр» деп, қаражатсыз   құр экранға телміріп отыр. Осының барлығы көмір алушыларға да сатушыларға да үлкен кедергі. Сондықтан, құр шығынға жұмыс жасағаннан қорқып қазіргі кезде біз  әредік  екі вагоннан ғана көмір түсіріп сатып отырмыз, —  дейді сатушы.

Дей тұрғанмен қыс мезгілінде жұрттың отын жақпай жылусыз отырмайтыны анық. Соңғы күндері Семейден жеткізілген көмірдің әр тонасы 300 теңгеге қымбаттап,  12 мың 700 теңгеге көтерілген. Алдағы уақытта баға бақылауда ұсталмаса оның қалай құбыларын бағамдау қиын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK