Аслан Қажеке

Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың қатысуымен өңіріміздің әр аумағынан келген бүлдіршіндерге арналған Президенттік шырша мерекесі бастау алды.

Көрме кешені ғимаратында  өткен  Жаңа жылдық мереке думанға   әр аудан мен қаладан  жиналған оқу озаттары, аз қамтылған отбасындағы бүлдіршіндер мен мүгедек балалар, көпбалалы жанұядан шыққан жасөспірімдер  және оқуда, спортта талапты, дарынды оқушылар қатысты.  Елорданың 20 жылдығына арналған шырша тойы өзіндік салтанатқа, шаттыққа толы болды.

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың  Жаңа жылдық мерекеге орай  жолдаған құттықтауын   балалар  теледидардан  тыңдады.

 «Құрметті балалар! Елбасы шыршасына қош келдіңіздер. Жаңа ғана сіздерді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев құттықтап, жақсы тілектер тіледі. Елбасының сындарлы саясаты нәтижесінде елімізде балалардың бақытты өмір сүруі үшін барлық жағдай жасалған. Сіздер сәулетті және заманауи құралдармен жабдықталған мектептерде білім алудасыздар. Сіздер біздің болашағымызсыздар. Сондықтан жақсы оқып, тәрбиелі болу — ең басты міндеттеріңіз. Келе жатқан жаңа 2018 жыл сіздер үшін құтты, үлкен жетістіктерге толы жыл болсын», — деп атап өтті  облыс басшысы Амандық Баталов өзінің мерекелік құттықтауында.

Ал облыс әкімі А. Баталовтың қолынан сыйлық алған балалар үйінің  тәрбиеленушілері  балалық жүректен шыққан алғыс арнады.

Облыстың әр өңірінен жиналған 200-ге тарта бала театрландырылған қойылым, цирк өнерпаздарының бағдарламалары мен хореографиялық композицияларды тамашалады. Балалар бұл күні сыйлықтарға кенелді. Шырша тойы соңынан бүлдіршіндер облыс әкімімен естелік суретке түсті.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK