Еліміз бен балаларымыздың болашағын ойлаған адамға шын мәнінде латын әрпіне көшу қажет деп ойлаймын. Өткен ғасырдың 1929-1940 жылдары латын әрпінде болдық. Бүгінде кез келген азамат латын әліпбиін білмесе де оның ішіндегі әріптерді оқи алатынымызға сенімдімін. Орыс, ағылшын тілдерін де үйреніп, ана тіліміздей меңгеріп жатырмыз ғой. Сондықтан қиындықтар тумайды деп білемін. Жастар қазіргі 42 әріпке қарағанда 25 таңбадан тұратын латын әліпбиін тез үйреніп алады.

Дамыған 30 елдің қатарына кіруді жоспарлап отырған мемлекетіміздің солармен терезесі тең болуы үшін де бұл реформа қажет. Саяси маңыздылығы жағынан айтқанда, кириллицамен сіңіп кірген отарлық санадан арылу үшін де оның саяси маңызы зор. Екіншіден, латын жазуы қолданысқа оңай, игеруге ыңғайлы. Оған қоса жаратылыс ғылымдары жағынан да қолданыста дәлділігі мен қолайлылығын дүниежүзінің өмір тәжірибесі дәлелдеді. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер – барлығы да латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады.

Латын әрпіне көшу − түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетіні де маңызды факторлардың бірі. Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық ғылыми-зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктеріміз көбейеді. Туыстас халықтардың ынтымақтастығынан ешкім ұтылмайды.

Бүгінгі таңда қоғамда әліпбиді ауыстыруға байланыс­ты түрлі пікірлер айтылуда. Біреулер латын әліпбиінің оңтайлы тұстарын алға тартса, енді басқалары бұл істе асығыстық жасамайық деп сақтандырады. Мұндай пікірлердің орын алуы өте заңды. Соның арқасында көпшілік осы бір күрделі мәселеге орай өзінің көзқарасын қалыптастырады. Алайда анық болатын бір мәселе бар. Ол – қазақ тілі бүгін бе, ертең бе міндетті түрде латын әліпбиіне көшеді.

Шынында да, әліпби ауыстырудың саясатқа да, басқаға да қатысы жоқ, ең басты қажеттілігін тілдің өзі талап етіп отыр. Тілдің ішкі-сыртқы жағдайы қазіргі жазудың (орфография) айтылымға (орфоэпияға) кері әсер етіп, өзге тілден кірген сөздердің салмағы арта түсіп, кірме дыбыстардың төл сөздеріміздің фонетика-грамматикалық талаптарын бұза бастауы секілді түрлі жағдайлар әліпби өзгерту мәселесін алға тартты.

Латын әліпбиіне көшу – қазақ халқының алға жылжуына, жаңа заман талабына сай өсіп-өркендеуіне, болашақта еліміздің жан-жақты дамуына үлкен үлес қосып, жемісі мен жеңісін әкелері сөзсіз. Біз латын әліпбиіне көше отырып, өркениетті елдердің қатарына қосылып, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақ анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арыламыз. Сондықтан латын әліпбиіне көшу біз үшін, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ.

Латын әліп­биі – әлемде кеңінен тараған әліп­­би­лердің бі­рі. Өз бастауын ежелгі Грек және Рим елдері­нен алып, бүгінгі таңға дейін жал­ғасып, өр­кен­деуде.
Тәуелсіз еліміздің латын әліп­биіне көшуі тегін емес, ел үшін жеке басын сипаттай­тын, ешкімге еліктемей ұлттық ко­дымызды одан әрі нық қалып­тастыру мақ­сатында іске асырылып отыр.

Біз дара, талантты ха­лық­пыз, біздің ұлтымызға әліпби­дің ауысуы қиынға соқ­пай­тын­дығы баршамызға мәлім. Оның үстіне латын әліпбиіне ауысу еліміздің өз дамуын жалғас­тыруда зор ықпалын тигізеді.

Латын әліпбиіне көшуді орын­ды, жұртымыздың сана-се­зімін арттыратын және бо­ла­шағы зор шешім деп санаймын.

Гульзира Айтказина, «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тірку бөлімі» ММ-нің тұрғын – үй көмек секторының бас маманы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK