Жасыл жердің келбеті – «Жасыл елдің» еңбегі

130
Дереккөз

Елбасымыз «Жасыл ел» дегеніміз – Мәңгілік ел дегеніміз. Біздің елімізді жапырағы қурамайтын, тамыры суалмайтын, көрген жан тамсанбай тұра алмайтын мәңгілік жасыл елге айналдыруымыз керек. Кейінгі ұрпаққа желде – ық, суықта – пана, ыстықта – сая болатын мәңгілік бәйтерек тұрпатты жасыл елді табыстауымыз қажет»-деген болатын.  2005 жылы  Тұңғыш Президент Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен жұмысын бастаған «Жасыл ел» бағдарламасының  қоршаған ортаны қорғау, экологиялық мәдениетті арттыру,  жастардың жаз мезгіліндегі бос уақыттарын тиімді пайдалануына ықпалы зор. Облысымыздың, шаhарымыздың тазалығы, көгалдануы жолында жасылелдіктер ауқымды жұмыс атқаруда. Жаңа маусымның ашылуына орай «Жасыл ел» ЖЕЖ республикалық штабының Алматы облыстық филиалының жетекшісі Мейіржан Молдағалиев жаңалықтар легімен бөлісті.

Дереккөз

                                            «Жасыл ел» жасақшылары

-Бағдарламаның  басты мақсаты жастардың ықпалымен аймағымызды  абаттандыру,  студент және жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту, патриоттық  тәрбие беру екені баршаңызға белгілі. «Жасыл елдің» экологиялық сауаттылықты арттыру, жастарды еңбексүйгіштікке баулуда қоғамға тигізер пайдасы мол. XV маусымдық жұмысымыз басталды. Ресми ашылу салтанаты шілде айының 26-27 күндері Алакөл ауданында өтеді.  Жыл өткен сайын өтінімдер қатарының  артуы көңіл қуантады. Маусым-шілде айындағы жасақшылар саны — 1595. 500-і қала жастары болса, 1095-і  ауылдық жерден. Олардың қатарында 255-ЖОО студенттері, 564-кәсіптік техникалық білім беру мекемелерінің білімгерлері, 445-мектеп оқушылары, 331-жұмыссыз жастар. Сондай-ақ, 309-көпбалалы отбасының және 180-әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары, 81-ата-ана қамқорлығынсыз қалған жастар, 27-мүмкіндігі шектеулі жандар.

Дереккөз

                                       Атқарылып жатқан жұмыстар

-Әдеттегідей спорттық, мәдени іс-шаралар, қайырымдылық, тазалық акцияларын, түрлі кездесулер өткізудеміз. Бұған дейін  «Ардагерлерді ардақтайық», «Қарты бар ел — қазыналы ел»,  «Экодесант», «Велопатруль», «ZHASYL-EL UPGRADE»,  «Жақсылық жаса!», «Таза аула», «Антиграффити», «Отан- ағаш» сынды игілікті істер ұйымдастырдық. Айта кетерлігі «ZHASYL-EL UPGRADE» –ті ең алғашқы болып бастап, аталмыш шара өзге аймақтарда да  жалғасын тапқан болатын. Жыл өте жобалар қатары толығады. Биыл Алакөл ауданындағы жасақшыларымыз «Кедергісіз жағалау» акциясы шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандардың суға шомылуына көмек көрсетуде. Ақсу ауданы, Қапал ауылының жастары сирек кездесетін көшеттер отырғызып, күтіп баптауда.  Әкімшілік маңызы бар, өзге де мекемелердің құрылыс жұмыстарына көмек көрсетер  қалпына келтіру отрядтарын құрдық. Тұрақты түрде өтетін жобалар да жоқ емес. Еңбекшіқазақ ауданынан эстафета ретінде бастау алатын  «Таза өзен – таза жағалау» акциясы өзге аймақтарда жалғасын табады . Жалпы, «Жасыл ел» еріктілері жыл бойы жұмыс жасайды. Осындай жүйелі түрде жүргізіліп жатқан жұмыстың қорытындысы ауыз толтырып айтарлықтай. Республика бойынша бес жыл қатарынан «Үздік штаб» ретінде танылып келеміз. Өткен жылы «HERO Jasyl el» номинациясына ие болдық. Осындай марапаттар біздің үнемі нәтижелі қызмет етуімізге серпін береді десе де болады.

Дереккөз

                                            «Тәлімбақ» жобасы

-2015-2016 жылдары 2500-2800 жасты жұмыспен қамтып, еліміз бойынша үздік нәтижеге қол жеткізгеніміз  үшін облыс әкімінің қолдауымен  Жастар ресурстық орталығына арнайы жер телімі берілген болатын.  Осыған сәйкес «Жасыл ел» ЖЕЖ республикалық штабы мен Алматы облысы жастар саясаты мәселелері басқармасы  өзара бірлесіп жұмыс жасау меморандумына отырды. Мұндағы мақсат — қаланы абаттандыру жұмыстарына өзіндік үлес қосу. Сонымен  қатар ондағы өнімдер жалғыз басты қарияларға, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларына тегін таратылу жоспарлануда. Ең бастысы бұл жоба  аясында жастар тұрақты жұмыспен қамтылып, алғашқы жұмыс тәжірибесінен өту мүмкіндігіне ие болады. Оларды арнайы салынған жатақханамен қамтамасыз ету жағы да қарастырылуда.

Дереккөз
Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK