Бүгінде от пен судан орын алып жатқан оқыс оқиғалар аз емес. Оған тұрғындардың абайсыздығы басты себеп. Өйткені жазғы шомылу маусымы бастала салысымен жұрт жаппай жағажайларға ағылады. Осы барыста  кейбір азаматтар қауіпсіздік ережелерін сақтамай, кез-келген жерден суға түседі. Әрі балаларды да қараусыз қалдырып кетеді. Мұндайдың соңы кейде қайғылы  жағдайлармен аяқталып жатады. Сондықтан қазіргі кезде құтқару саласының барлық мамандары аймақтағы өзен-көл жағалаулары мен шомылу алаңдарын қас қақпай күзетіп, тынымыз жұмыс жасауда, – дейді Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Бегалин.

Нақты мәліметтерге жүгінсек, өткен жылдың ұқсас мезгілінде жалпы Алматы облысы аумағында азаматтардың абайсыздығынан 47 оқыс оқиға орын алып,  23 адам  суға батқан. Олардың арасындағы 10-ы бала. Осы барыста төтенше жағдайлар саласының жеке құрамы 30 адамды құтқарып шыққан. Ал, биылғы жыл басынан бері өңірде 36 жағдай  тіркеліп, 42 адам құтқарылған. Онда 26 адам суға батса, олардың 13 жасөспірім.

Ғабит Ермұханұлының айтуынша, қазіргі уақытта қалалық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері Талдықорған аумағындағы шомылу орындары мен өзен жағалауларын қатаң қадағалауда. Басқарманың  Қайрат Назаров деген азамат жетекшілік ететін арнайы жеке құрамы бар. Олар оттан, судан, және қыс мезгілінде мұз ойылудан және басқа да табиғат  апаттарынан зардап шеккендерді құтқарады. Жалпы ондағы мамандар жан-жақты. Тіпті, кейде есіктері бекітіліп, үйіне кіре алмай қалған тұрғындарға жедел көмек көрсетеді.  Оның үстіне қазіргі шомылу маусымында  әр екі күн сайын суға батқан бір адам құтқарылады. Мұндай құтқару жұмыстары төтенше жағдай саласы мамандарының күнделікті қызметі болғандықтан көбінде айтыла бермейді.

 Еске сала кетейік, өкінішке орай, жақында бір қыз бала абайсызда  Қаратал өзеніне ағып кетіп көз жұмған еді. Марқұмды іздестіруге күндіз түні ат салысқан Талдықорған қалалық төтенше жағдайлар саласының жеке құрамы мәйтті төрт күннен кейін тауып шықты. Оларға  қара жамылған отбасының мүшелері де айрықша алғысын айтқан. Мамандардың мәліметінше, аталған қыз баланың суға тұншығып  қаза болуы биылғы жылы Талдықорған қаласы бойынша алғашқы рет тіркелген қайғылы жағдай. Өткен жылы ондай  оқиға еш орын алмаған.

Дейтұрғанмен «Сақтықта  қорлық жоқ» деген, төтенше жағдайлар саласының мамандары жалпы жұртқа суға барғанда ерекше сақ болуды  ескертеді. Жазатайым жағдайдың орын алуы қас қағым сәтте дейді олар. Мәселен, соңғы күндердің бірінде Талдықорған қаласындағы «Тюркский дворик» демалыс алаңындағы бассейнге шомылуға барған 17 жастағы бір жігіт суға батып кеткен. Аяқ қолы тартылып, өзін жайсыз сезінген әлгі  азаматты  судан алып шыққанан кейін құтқарушылар бірден жедел жәрдем шақыртқан. Мұндай оқиғалар әсіресе жаздың шілде, тамыз айларында жиі кездеседі. Оларға көмек көрсетіп, жағажайларды бақылауда ұстау төтенше жағдайлар қызметінің маңдайалды міндеті,- дейді, құтқарушылар.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK