дереккөз

«Nur Otan» партиясы  Талдықорған қалалық  филиалы жанындағы  қоғамдық кеңес отырысы өтті.  Күн тәртібінде « Қала тұрғындарына табиғи  газды  жеткізу бойынша қызмет көрсету»  мәселесі қаралды. Жиынға қала әкімінің орынбасары С. Арзанбекова мен қалалық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ә. Рымтаев қатысты.

Отырысты кеңес төрағасы Жексенбай Мейрембаев  ашты. Қатысушыларды күн тәртібімен  кеңестің хатшысы  Баян Рысбекова таныстырды.  Талдықорған қаласының тұрғын үй -коммуналдық шаруашылық бөлімінің коммуналдық секторының бас маманы А. Барлыбеков   көгілдір отынды тұрғындарға  жеткізіу мәселесі бойынша баяндады.

— Бүгінгі таңда табиғи газды тарту мәселесі  төрт кезеңмен  жүзеге  асырылуда. Бірінші кезекте 168 шақырымды құрайтын аумақтағы 42 мыңға жуық тұрғын үй қамтылады. Қазіргі таңда газ жүйесі құрылысының екінші кезектік жұмысы аяқталған.  Бұл  қаланың орталық бөлігі, оңтүстік-шығыс, оңтүстік- батыс, жаңа тұрғын үйлер, «Самал», «Мүшелтой», «Жастар» шағын аудандарына көгілдір отынға қосылуға мүмкіндік береді,-деді.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ Жетісу өңірлік филиалының директоры  Жайық Алишев, Талдықорған қаласында табиғи газ жүйесін  тарту, қосу жүйесі  аса бір  қымбат еместігін тілге  тиек етті. Тұрғындарға жеңілдік  түрі қарастырылған. Мәселен, газ шығынына кететін жалпы қаражаттың 30 пайызын төлеген кезде,  5 пайыздық үстемемен 6 айға бөліп төлеуге де болады.  Ал ардагерлер мен көп балалы жанұяларға, мүгедек жандарға жеңілдік бар.

Тұрғындар  көгілдір отынға  қосылса, ең алдымен көмір тасу  қиындығынан құтылады. Одан кейін экология мен табиғатты қорғауға мүмкіндік береді.
Қоғамдық кеңеске  қатысушылар тарапынан  бірқатар ұсыныс айтылды.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK