Талдықорғандағы  І.Жансүгіров атындағы мәдениет сарайында танымал тележурналист Тілеуқабыл Мыңжасардың «Жетісу – жүрегімде!» атты шығармашылық кеші өтті.  Алматы облысы әкімдігінің қолдауымен өткен игі шара Қазақстан Республикасы Президенті Грантының иегері, Қазақстан Журналистер одағы мен «Нұрсұңқар» сыйлықтарының лауреаты, Алматы облысының Құрметті азаматы Тілеуқабыл Үсенұлының құрметті демалысқа шығуына орай ұйымдастырылған.

Жиналған қауым алдында сөз алған облыс әкімі Амандық Баталов  кеш иесін көңіл қуанышымен  құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. Сондай-ақ, аймақ басшысы ұзақ жылдар бойы «Хабар» телеарнасында елеулі еңбек етіп, көгілдір экран арқылы жаңалықтарға жаршы болып,  Жетісу жұртының мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған ардагер журналиске айрықша алғыс атып, сый-құрмет  көрсетті. Осыдан соң  Тілеуқабыл Мыңжасардың жақында ғана жарық көрген  «Хабар-аға» және оның қалжыңдары» атты жаңа  кітабының тұсауы кесілді. Басылымға автордың ел аузында жұрген әзіл әңгімелері мен үзеңгілес достарының, шәкірттерінің Тілеуқабыл  жайлы  ой толғамдары енгізілген. Еске сала кетейік, қаламгердің бұдан бұрын «Жаһанды жаулаған жанр» атты тағы бір кітабы баспадан шығып, қалың оқырман қауымының жоғары бағасына ие болған. Жалпы, тележурналистикасының тарланы Тілеуқабыл Мыңжасардың телевизия саласында еңбек етіп, тер төкеніне биыл 44 жыл.  Соның 21 жылында Алматы облысында  меншікті тілші болып, 10 мыңнан астам сюжет жасаған.

 Өз кезегіндеТілеуқабыл Үсенұлы: – «Мінеки, 25 жылдай «Хабар» Агенттігіне аянбай қызмет жасадым. «Хабарды» танытуға атсалыстым. Ал, «Хабар» маған үлкен абырой әперді. Енді міне өзімнің қызметтік міндетімді аяқтап жатқан тұста осы елге бір рақметімді айтып, халықпен қауышып, пікір алмасып, әңгімелесейік деген ниетпен осы кездесуді ұйымдастырып отырмыз. Сондықтан мен бұл кештің атын «Жетісу – жүрегімде» деп атауды  жөн көрдім», — деді..

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK