Бүгін Талдықорған қаласының әкімі Ғ.Әбдірайымовтың қатысуымен әкімдік мәжілісі өтті. Онда шаһардың тыныс-тіршілігіне қатысты, нақтырақ айтсақ, алдағы жылыту маусымына дайындық және 2018-2019 оқу жылының қорытындысы туралы мәселе қаралды.

Күн тәртібіне қойылған алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған қала әкімінің орынбасары Талғат Қыдыралиев өткен қыс маусымында тұрғын үйлерге жылу беру шараларының талапқа сай өткендігін айта келе, алдағы қысқа дайындықтың жүргізілу барысына кеңірек тоқталды. Бүгінде қаламыздың 753 көпқабатты тұрғын үйі мен 71 әлеуметтік және тағы да басқа салалардағы нысандар орталықтандырылған жылуды тұтынады. Бүгінде жылу беру қазандықтары мен құбырларына ішінара жөндеу жұмыстары жүргізіліп, қажетті көмір қоры тасымалдануда.
Білім беру саласының жай-күйі туралы баяндаған қалалық білім бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Бақтыбаева 2018-2019 оқу жылының талдықорғандықтар үшін табысты аяқталғанын жеткізді. Жуырда ҰБТ-ға қатысқан түлектердің орташа балдық көрсеткіші 100 пайызды көрсеткен. Бүгінде мектеп оқушылары жазғы демалыстарын мектеп жанынан құрылған лагерьлер мен арнайы демалыс орындарында өткізуде. Қалалық әкімдік мәжілісінің күн тәртібіне қойылған екі мәселе бойынша да жауапты сала өкілдері жарыссөзге шығып, атқарылып жатқан жұмыстарының барысынан хабардар етті.
Мәжілісті қорытындылаған шаһар басшысы Ғалымжан Әбдірайымов барлық сала басшыларына қаланың тыныс-тіршілігіне қатысты шаралардың сапалы атқарылуын қатаң тапсырды.

Өз тілшіміз.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK