Бүгінде Алматы облысында иесіз жүрген ит пен мысықтың саны артқан. Соның салдарынан адамдарды ит қауып жаралау оқиғалары жиілеп кетті. Мәселен, өткен жылы  аймақта 7 мыңнан астам адамды ит қауып  дәрігерлер көмегіне жүгінсе, биылғы жыл басынан бері ондай адамдардың саны  3200-ге жеткен.    Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.

 

БАҚ өкілдері алдында сөз алған Алматы облысы ветеринария басқармасы басшысы Нұрболат Инкербаев: «Қазір аймақта мұндай келеңсіздіктердің алдын алып, жануарлардың адам денсаулығына зиян келтіруінен сақтану үшін түрлі шаралар қабылдануда.  Нақтырақ айтсақ, қаңғыбас жануарлар алдымен ауланып, әлеуметтік желі арқылы суреттері жарияланады. Осыдан соң біренеше күн ішінде олардың иесі табылмаған жағдайда көзі жойылады. Мысалға, жылына облыс көлемінде 30 мыңға жуық ит пен мысықтың көзі жойылады. Ал, ағымдағы жыл басынан бері аймақта 3880 ит ауланды. Енді мұндай жануарларды вольерлер салу арқылы оқшаулау көзделуде. Осы мәселе бойынша биылғы жылы облыстық бюджеттен 93 миллион 36 мың теңге қаражат бөлініп, қазірге оның 58,4 пайызы игерілді. Қалған қаражат  жыл соңына дейін  толық игеріледі», — деп атап өтті.

 

 

Өз кезегінде Талдықорған қалалық ветеринария бөлімінің басшысы Дархан Әбілбаев: «Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және оларды жою жұмыстары Қазақстан Республикасы «Ветеринария туралы» заңының 11 бабы 4 тармағына сәйкес, Алматы облыстық мәслихатының 2015 жылғы 27 наурыздағы №43-249 шешімі негізінде жүргізіледі. Талдықорған қаласы бойынша қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою жұмыстарын жүргізуге  биыл 7 млн 800 мың теңге қаржы қарастырылған. Бүгінгі күнге дейін шаһарда 1923 ит, 164 мысық ауланып,  көзі жойылды. Мұндай жұмыстар бұдан былай да жалғасады», — деді.

Ал, аймақтағы «Адам құқығы, заң үстемдігі және демократияны алға тарту қоғамы» мен «Зооклуб» қоғамдық қорының жетекшілері болса қаңғыбас жануарлардан қауіп көп. Сол үшін оларға арнайы вольерлер салудың тиімді екендігін алға тартты.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK