Алматы облысында газ тарту жұмысы қарқынды. Соның ішінде, облыс орталығы Талдықорғандағы газ құбыры жүргізілетін аумақ 900 шақырымнан асады. Оған 50 мың абонентті қосу жоспарланған. Аймақтағы  4 кезең бойынша жүзеге асырылып жатқан жобаның жалпы құны 22,5 млрд.теңге.

Нақтырақ айтсақ, бірінші кезекте 168 шақырымнан асатын аумаққа орналасқан 42 мыңға жуық тұрғын үйді қамтып, ІІ, ІІІ кезеңде жалпы құны 13,2 млрд. теңге болатын 245,6 шақырым  жерге газ тарту  көзделген. Ал, ІV кезекте игерілетін  қаражат көлемі 4.4 млрд. теңге. Төртінші кезеңде Талдықорған қаласына қарасты бірнеше шағын аудандар және Еркін, Көктал ауылдары мен «Шайқорған», «Үйтас» саяжайлары газдандырылмақ.

Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімі берген мәліметтерге жүгінсек, қазір газ жүйесі құрылысының  екі кезеңдік жұмысы  толық аяқталған. Енді  қаланың орталық бөлігінде,   оңтүстік – шығыс, оңтүстік – батыс, Өтенай ауылы, «Мүшелтой», «Жастар», «Самал», «Болашақ, «Көктем», «Жетісу» шағын аудандарындағы көпқабатты және жеке тұрғын үйдің 39 477 абоненті табиғи газға қосылу мүмкіндігі бар. Көпқабатты тұғын үйдегі бір пәтерді газға қосу орташа есеппен 10 781,6 теңге. Оның 7 мың теңгесі жабдықтау  жұмыстарына, 3781 теңгесі «КазТрансГаз Аймақ» АҚ ЖПФ қызметі болып саналады.Қосылу қызметтерінің құнына: пәтердегі газ жабдығын тексеру, бөлшектерін ауыстыру және газды бастапқы іске қосу енеді. Сондай-ақ, газ өлшегіш құралына төлқұжат немесе растау куәлігі болуы қажет. Егер де, жоғарыда аталған құжаттары болмаған жағдайда абонентке жаңа газ өлшегіш құралын алуы тиіс. Немесе, Алматы облысындағы коммерциялық және сұйытылған мұнай газына арналған тұтыну нормасына сай тұтынылады.

«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ,  Жетісу өңірлік филиалының директоры Жайық Алишевтің айтуынша, бүгінде Талдықорған қаласындағы газ тарту бойынша үшінші, төртінші кезеңдік жұмыстары жүргізілуде. Мұнда үшінші кезектегі  құрылыс саны – 6.  Іске қосу кешенінің ұзындығы 230 шақырымнан асады. Абонент саны – 8430. Төртінші кезекті құрылыс – 5. Құбыр тартылатын аумақ  250 шақырымға жуық. Абонент  саны 7500-ден асады. Жеке тұрғын үйді табиғи газға қосудың орташа бағасы 98 мың. теңге. Сондай-ақ, газ тартқызушы тұрғындарға газ есептегіш құрал тегін. Сонымен бірге дайын қаржысы болмаған адамдар алдымен газ тарттыруға кететін жалпы қаражаттың 30 пайызын төлеген жағдайда, қалғанын 5 пайыздық үстемемен 6 айға бөліп төлеуге болады. Ардагерлерге, көпбалалы отбасының мүшелеріне, мүгедектерге тиісті жеңілдіктер қарастырылған.  Осы орайда, еске сала кетейік, үйлеріне газ тартқызғысы келетін әрбір тұрғын алаяқтардың арбауына түсіп қалмағаны жөн. Сол үшін алдымен Талдықорғандағы Төлебаев  көшесі – 39/41 ғимаратқа орналасқан  «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ, Жетісу өңірлік филиалына тіке хабарласып анықтап алғаны абзал. Қорытып айтқанда келісімшарт жасасқан кезде, лицензияның, компанияның заңды және нақты мекенжайының, осы жұмыс түрлері үшін бекітілген қызметкерлердің аттестациялық құжаттарының болуын тексеру қажет.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK