Талдықорғанда Алматы облысы әкімдігі жанындағы діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестің кезекті отырысы өтті. Облыс әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиевтің төрағалығымен өткен басқосуға облыстық бірқатар департамент және басқарма басшылары мен жалпы аймақтағы  әрбір аудан, қала әкімдерінің орынбасарлары қатысты.

Жиында алымен Ескелді, Кеген ауданы әкімінің орынбасары өз жерлеріндегі діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі Кеңестердің, ақпараттық-түсіндіру топтарының жұмысы мен діни ахуал туралы есеп берді. Сондай-ақ олар өңірлерде тіркеусіз жұмыс істеп жатқан мешіттер мен шіркеулердің, діни бірлестіктердің жұмысы жайлы баяндады.

Осыдан соң Талдықорған өңірлік шіркеуінің Иеромонах Клавдианы Сергей Поляков Жетісу жеріндегі православ дінінің қазіргі ахуалы жайына кеңінен тоқталды.Оның айтуынша, адамзатты ізгі  адамгершілікке шақыратын христиан дінінің ішінде де оны жағымсыз етіп көрсететін теріс ағымдар мен секталар бар. Олардан сақтанып, азаматтарға тура жол көрсету біздің басты міндетіміз деді.

Осы орайда облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Бақыт Жақсыбаева  аймақтағы діни экстремистік және террористік әрекеттері үшін түзеу мекемелеріне түскен деструктивті діни ағымға шалдыққан адамдарға әлеуметтік көмек пен қоғамға қайта бейімдеу шараларын ұйымдастыру бойынша мәлімет берді. Алайда Ақан Жылқышыбайұлы Бақыт ханым келтірген кейбір деректердің шындыққа мүлде жанаспайтынын алға тартып, келесі Кеңес отырысына басқарма басшысының өзі келіп қатысуы керектігін ескертті.

 Жиын соңында Ақан Әбдуәлиев  өңірде тіркеусіз жұмыс істеп жатқан баптисттер ұйымы сынды бірлестіктердің заңға бағынуы керектігін қадап айтып, жергілікті билік өкілдеріне аймақтағы әрбір ауыл, аудан, қалалардағы жаңадан салынған мешіт және басқа да құлшылық орындарының  құжаттарын заңға сай  қалпына келтіру міндетін жүктеді. Әрі мұндай жұмыстарға жергілікті жердегі әкімдердің осы салаға жауапты орынбасарларына алдағы 6 айдың ішінде тіркеусіз жұмыс істеп жүрген діни бірлестіктердің мәселесін шешуді  тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK