Суретті түсірген А.Нұршанов

Бүгін  Талдықорған қаласында Алматы  облысының ауыл әйелдері форумы басталды. Оған  ауыл әйелдері қауым­дастығының, қоғамдық  ұйымдардың,  өкілдері, бизнес тренерлер, АӨК және фермерлік шаруашылық саласындағы бизнес басшылары, жетекші ҮЕҰ өкілдері шақы­рылды.

Форум агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруда әйелдердің жетістіктері мен үлесін көрсету, бизнес жоспарларды  құруға үйрету, сондай-ақ, әйелдерді ынталандыру, оларды жасыл экономикаға тарту, органикалық ауыл шаруашы­лығын және ауылдағы жұмыспен қамтудың түрлі нысандарын енгізу мақсатында Алматы облысында алғашқы  рет өткізілуде. ҚР  Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылы –демографиялық саясаты жөніндегі ұлттық комиссияның және  Алматы облысы әкімдігі, «Жасыл  экономика» G-Global  дамыту Коалициясы» ЗТБ, «EXPO& WOMEN» ХҰ» ЗТБ , «Coca-Cola»  белестері халықаралық қорының демеушілігімен бұл жиын Талдықорғандағы Салтанат сарайында ұйымдастырылды.  Алматы облысы әкімінің орынбасары Ақан Әбдуәлиев,  ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мүшесі Қаракөз Сүлейменова «Жасыл экономика» G-Global  дамыту Коалициясы» ЗТБ  басқарма төрайымы Салтанат Рақымбекова сөз алып,  форум қатысушыларын құттықтады.

 —  Құрметті форумға қатысушылар, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың атынан сіздерге қош келіпсіздер деймін. Жиын жұмысына сәттілік тілеймін.  Өңірде  жаппай кәсіпкерлікті  дамыту  тиімді жүргізілуде.  Жалпы кәсіпкерлікті дамыту үшін  кешенді Жол картасы әзірленді.   Бұл жерде  табысы аз, көпбалалы әйелдерді қолдау  ұмыт қалмаған. Көп балалы аналар, оқушылар мен студенттер  облыс орталығы Талдықорғанда қоғамдық көлікте тегін жүреді. Көп балалы аналарды  баспанамен қамту  мақсатында  тұрғын үйдің  қазығы қағылды.

Қоғамда әйелдер барлық салада қызмет атқарады. Ал жеке кәсіп ашып, жұмысын жүргізіп отырғандары қаншама?! Арамызда  ауылдық округтердің әкімдері, фермерлік шаруашылықтар басшылары,  шаруашылық жетекшілері, әлеуметтік мекемелер директорлары,  ҮЕҰ өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары отыр. Бүгінгі облысымызда бастау алған  форумның басты мақсаты — ауыл әйелдерінің  қол жеткізген жетістіктерін көрсету, бөлісу. Рухани жаңғыру міндеттерін, Қазақстанның жасыл экономикаға көшу тұжырымдамасын жүзеге асыруға қосқан үлестерін көрсету болып табылады. Осының барлығын қамти отырып, жобаға қатысушылар қатарын көбейтуіміз керек. Өз отбасымыздың жағдайын жақсартып қоймай, елге көмегі тиіп жатса құба-құп қой. Кәсіпкерлікпен айналысушылар үлесі соңғы жылдары артты. Себебі, мемлекеттік  қолдау-көмек жасалып,  қайтарымсыз грант бөлінуде. Өңірімізде «Ауыл- ел бесігі» бағдарламасы қолға алынған. Қазір табысты бизнесті жүргізу үшін жақсы жағдай бар. Тек жұмыс істеу, тәжірибе алмасу және қиындықтардан қорықпау керек, — деді форум жұмысын жүргізіп отырған облыс әкімінің орынбасары Ақан Жылқышыбайұлы.

Қаракөз Сүлейменова: «Армысыздар, ағайын! Мен өзім мұндай келелі жиынға тұңғыш рет қатысып отырмын. Жер жаннаты Жетісу өлкесіне келіп  ауылдың кәсіпкер әйелдер қауымымен кездескеніме қуаныштымын.  «Ана — бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді». Ұрпақты да өсіретін, қызметті де атқаратын — нәзікжандылар. Сондықтан әйел бейнесі- өскелең ұрпақтың тәрбиесіне тіреледі.  Ұлтымыздың иманды ұлын, ибалы қызын өсіретін, елдің байлығын, ырысын арттыру міндеті сіздердің қолдарыңызда. Егер де жіптің екі ұшы бар десек,соны тең ұстай білу керек»,-деді.

Салтанат Рахымбекова : —  Өткен жылы Қазақстан  ауыл әйелдерінің  бірінші форумы ұйымдастырылды.  Елордаға жиналған кәсіпкер әйелдер өз тәжірибелерімен бөлісті. Сол кезде  әр аймақта басқосу өткізсек деген  ұсыныс түсті. Біздер ұсынысты қабыл алдық.  Форумды бірінші болып Алматы облысы ұйымдастырып отыр. Әрі қарай барлық облыс орталықтарында өтеді.  Сіздердің аймақтарыңызда кәсібін өркендетіп, тың ойлармен жобасын іске асырып жатқандар өте көп.  ҮЕҰ, жеке кәсіпкерлердің бизнесін қолдап, қаржылай көмек көрсетіледі. Ауылдық әйелдердің кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, жұмыс орындарын ашу мәселесінде пікір алмаспақпыз. Жиынның өтуіне үлкен қолдау білдіріп жатқан Алматы облысы әкімдігіне шынайы ризашылығымызды білдіреміз,- деді.

 

 Талқылауға енгізілген негізгі тақырыптарға тоқталсақ, ауылдық жерлерде жұмыспен қамту проблемаларын шешу, ауыл шаруашылығы  тауарларын өндірушілерді қолдау,  жасыл технологияларды қолдану тәжірибесі қарастырылды.

Форумда Алматы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы З. Ілімжанова, «Әлеуметтік динамика» КҚ директоры Е. Ожго атқарылған  істер жөнінде айтып берді. Ал Талдықорған өңірлік әйелдерді қолдау орталағының директоры Ж. Нұрмұханова ауылдық жерлерде әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық фактілерін азайту мақсатындағы істерді саралады.

Қазақстан ауыл әйелдерінің бірінші форумының делегаты, Еңбекшіқазақ ауданы Түрген ауылдық округінің әкімі Б.Елеусізова әйелдердің қоғамдағы рөліне тоқталды.  Алматы облысында табиғи каучук өндірісі үшін бақбақ гүлін өсіру бойынша бірегей жобаны іске асырушы «Көк сағыз ТМ» ЖШС басшысы К.Мағзиева мен «Прогресс» жекеменшік политехникалық колледжінің директоры Ж. Телпекбаева өз жетістіктерімен бөлісті. Д.Теннің «Экоферма» жасыл технологиялар орталығының тәжірибесі көпшілікті қызықтырды. Ал диалогтық алаңда табысқа жеткен  түрлі жобалар жеңімпаздары шеберлік сабақтарын өткізді.  Кәсіпкерлік  сырын өзара талқылағандар мұндай басқосудың  пайдасы зор деп есептейді.

Жиын барысында қараша айында  Нұр-Сұлтан қаласында өтетін  Қазақстан ауыл әйелдерінің екінші форумына делегаттар сайланды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK