«Талдықорған әуендері» Түркиядан олжалы оралды

181
Дереккөз

«Талдықорған әуендері» халықтық фольклорлы-этнографиялық ән-би ансамблінің би ұжымы Түркияның Анталия қаласында өткен «Танцуй всей душой» атты халықаралық жарыстан бас жүлдемен оралды.

Дереккөз

Ел ағаларының ұйытқы болуымен Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында қаламыздың атымен тікелей байланысты аталмыш ансамбль құрылған болатын.  Осы уақыт аралығында түрлі жетістікке жетіп, биік белестерді бағындыруда. Олардың ұлттық әнімізді, биіміз бен күйімізді дәріптеу жолында атқарып жатқан еңбегі зор. «Талдықорған әуендері» тек қала, облыс көлемінде ғана емес республикамыздың барлық аймағында, шет елде өнерлерін көрсетуде, түрлі халықаралық байқауларға қатысып, жүлдегер атануда. Атап айтар болсақ, ансамбльдің мың бұралған бишілері 2017 жылы  Сочи қаласында,  2018 жылы Грузияда өткен байқауларда бас жүлдені иеленді. Бұл жетістіктер қатары күні кеше тағы бір жеңіспен толықты.  «Байқау жайлы ғаламтордан білдік. С.Қайыржанованың қойылымы «Тұран» және Б.Ағиярдың «Тойбастар» биін биледік. Сайыста 9 мемлекеттен келген би ұжымдары өзара сынға түсті. Осы орайда біздің әлемдік деңгейде өнер көрсетуімізге жан-жақты қолдау білдірген Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымовқа, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Эльмира Мұқышеваға, ұжымымызға алғысымызды білдіреміз»-деді ҚР Мәдениет саласының үздігі, аталмыш би ансамблінің көркемдік жетекшісі Гүлнар Оспанова.

Дереккөз

Айта кетейік, өткен жылдары Алматы облысының ішкі және сыртқы туризмін дамытуға бағытталған  «Dancing Zhetysu»атты тың  жобаға белсене қатысып, өз істерін кәсіби тұрғыда атқарып шықты. Осылайша би өнері арқылы Жетісу жерінің көркем табиғатының кеңінен насихатталуына өзіндік үлестерін қосқан болатын. Қаламыздың мақтанышына айналған ансамбль репертуарында 30-ға жуық би болса, оның  басым бөлігі  ұлттық бағытта.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK