Текелі қаласында көпбалалы жағдайы төмен тағы бір тұрғын баспаналы болды.  Жеті бала асырап  отырған мүмкіндігі шектеулі Александр Сизиковқа демеушілік көмек ретінде 4 бөлмелі  үйді «Фирма СМР» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сыйға тартқан. Ал, Александрдың жұбайы Наталья болса ағымдағы жылдың қаңтарынан бастап күйеуінің жеке көмекшісі болып тіркелген. Олар мүгедектік және көпбалалы ана ретінде атаулы әлеуметтік көмек алып,  жалдамалы үйлерде тұрып келген.

Баспананың кілті мен заңды құжаттарын өз қолымен табыс етуге келген серіктестік директоры Жанболат Пржанов: — «Мұндай отбасыға көмек қолын созып, қуанышымен бөлісу бір ғанибет. Мүмкіндік барда мұқтаж адамдарға қолдан келгенше көмектесу керек. Осы орайда мен барша кәсіпкерлер мен қалталы азаматтарды осындай игі істерге ат салысуға шақырамын», -деді.


Осыдан соң, баспаналы болған жанның шаттығымен бөлісуге келген Текелі қаласының әкімі Бахтияр Өнербаев: «Жалпы қазір Алматы облысында тұрмысында қиыншылығы бар жетім-жесір, мүгедек және көпбалалы жағдайы төмен жанұяларға көмектесуге жеке кәсіпкерлермен қатар белгілі кәсіпорын басшылары да белсене ат салысуда. Бұл біздің қалада кәсіпкерлердің қолдауымен сыйланған үшінші баспана. Сондай-ақ, биыл республикалық және облыстық бюджеттен көпбалалы отбасыларға үй сатып алу үшін арнайы қаражат бөлінген. Бүгінде бірнеше үй сатып алынып, құжаттары рәсімделуде. Жалпы, Текелі қаласында 415 көпбалалы отбасы тіркелген. Оның 170-і баспанаға мұқтаж. 96 отбасы үй кезегінде тұр. Жақын күндері осы кезек бойынша үй беріле бастайды. Бұл бағытта жұмыс әлі де жалғасады» — деп атап айтты.

Баспана кілтін қолына алып, балаша шаттанған Александр мен Наталья қала әкіміне және өздеріне жайлы баспана сыйлаған серіктестік басшысына айрықша алғысын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK