Жер жәннаты Жетісуда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамасымен құрылған «Зекет» қорының «Ел үлесі — пәтерге» жобасы жалғасуда. Игі шараға қарапайым халықпен қатар жергілікті кәсіпкерлер де қол ұшын созуда. Аймақтағы қор жетекшілері 96-шы баспананың кілтін Талдықорған өңірі,  Кербұлақ ауданы, Нұрым ауылының тұрғыны Гүлмира Көкебасоваға табыс етті.

Баспаналы болған Гүлмира Сыдыққызының күйеуі қайтыс болған. Үш баласы бар. Жолдасы дүние салғаннан соң тұрақты табыс көзі болмағандықтан бір баспанаға қолы жетпей қиналып келген. Бұл баспананы оған сатып алып беруге талдықорғандық жас кәсіпкер Асылан деген азамат демеушілік көрсеткен. Кербұлақ ауданының бас имамы Қанат Маратұлының  айтуынша, мұндай игілікті іске жалпы жетісулық жамағаттармен бірге жеке кәсіпкерлер де қомақты үлес қосуда. Көптің көңілінен шыққан «Ел үлесі — пәтерге» жобасы негізі  тұрмысында қиыншылығы бар жетім-жесір, мүгедек және көпбалалы отбасы мүшелеріне көмектесуге бағытталған. Мұндай сауапты іске ат салысқан әрбір жанға Алланың нұры жаусын!, — дейді бас имам.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK