Талдықорған қаласында тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету жөнінде арнайы жұмыс тобы құрылған. Оның құрамында Талдықорған қалалық ішкі саясат, ішкі істер, білім беру, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту бөлімдерінің, БАҚ өкілдері , Өтенай және Еркін ауылдық округінің әкімдері мен қоғамдық ұйымдардың мүшелері бар.Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Талғат Қыдыралиевтің қатысуымен

шілде айының екінші күні қалалық әкімдік қабырғасында  аталмыш жұмыс тобының кезекті отырысы өтті. Онда құқық бұзушылықтың, оның ішінде, ұсақ құқық бұзушылықтың барлық түрлерін анықтауда мектеп инспекторлары мен педагог қызметкерлерінің атқарған еңбектері туралы Талдықорған қалалық білім беру бөлімі басшысының орынбасары Сәуле Бақтыбаева баяндады.

Баяндамашы сөзіне жүгінсек, кәмелетке толмаған балалардың құқық бұзуына жол бермеу мақсатында қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметі мен қалалық білім бөлімі ата-аналардың қатысуымен  өткен алты ай ішінде 250 рейдтік шара ұйымдастырған.  500-ге жуық адамның қатысуымен өткізілген рейдтік шара барысында сауда нүктелерінің иелеріне спирттік ішімдіктер мен темекі өнімдерін  кәмелетке толмаған жасөспірімдерге сатуға болмайтыны туралы түсініктер беріліп, балалардың түнгі уақытта үлкендердің бақылауынсыз жүруіне тиым салынып,профилактикалық жұмыстар жүргізілген. Талдықорған қаласы әкімдігі жанынан кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқығын қорғау жөнінде арнайы комиссия құрылып, жұмыс істейді.Жыл басынан бері комиссия және сот шешімі бойынша 2 ата-ананың балаларына қатысты құқықтары шектелген. Қазіргі таңда Талдықорған қаласының білім беру мекемелерінде ата-ана қамқорлығынсыз қалып есепке алынған  265 бала отбасылық түріндегі тәрбиеге берілген.

Қалалық білім беру бөлімі тарапынан ағымдағы жылы өмірдің қиын жағдайына түскен 19 бала анықталып, оның 3-і ата-анасына қайтарылса, 11 бала отбасылық тәрбиеге беріліп, 5 бала жетім балаларға арналған арнайы мекемелерге орналастырылған. Қаламызда балалардың жазғы  демалысын лайықты ұйымдастыруға бағытталған көптеген шаралар өткізілуде. Олардың қатарында  балаларды салауатты өмір салтына баулу,суреттер көрмесін өткізу, азаматтық-патриоттық және ұлттық тәрбие беру,сауықтыру жұмыстары, спорттық шаралар,түрлі акциялар қамтылған. Оқушылардың құқықтық сауатын арттыруға байланысты жұмыстар да жалғасын табуда.

Қалалық әкімдік жанынан тәртіпсіздік пен құқық бұзушылықтарға «мүлдем төзбеушілік» қағидатын қамтамасыз ету мақсатында арнайы құрылған жұмыс тобының мүшелері баяндамашыға  жасөспірімдердің құқығын қорғауға қатысты бірқатар сауалдар қойып, ата-аналар тарапынан  бала тәрбиесіне  қатысты жауаптылықты арттыруға қатысты ой-пікірлерін айтты. «Біз бәріміз де ата-анамыз. Әрқайсымыз өз балаларымыздың тәрбиесіне  жете мән беріп, олардың ел болашағы үшін тәлімді,тәрбиелі  азамат болып қалыптасуына талмай еңбек ету міндетіміз»,-деді Талғат Сайлаубекұлы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK