Талдықорғанда үш патрульдік полиция қызметкері Қаратал өзеніне батып бара жатқан 11жастағы баланы құтқарып алды. Оқыс оқиға өткен сенбі күні  қала маңындағы Мерекелік  саяжай аумағында орын алған.

Алматы облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің берген мәліметінше, сол күні кешкі сағат 5-тер шамасында анасы ұлы Кирил Князевті дүкеннен нан сатып әкелуге жұмсаған. Алайда, ойын баласы дүкеннен қайтар жолында Қаратал өзеніне шомылмақ болады. Баласының  ұзақ уақыт оралмағанына алаңдаған анасы туыстарымен бірге оны іздеуге шығады. Олар Қаратал өзенінен өтетін көпір маңынан баланың дүкеннен алып келе жатқан заттарын тауып алып, дереу полицияға хабарлаған. Хабар тиісімен дер кезінде жеткен  Айдар Қарабаланов, Руслан Тезекбаев және Нұрбол Меғзам есімді үш тәртіп сақшысы өзен жағалап баланы іздеуге кіріседі.  Осы кезде олардың бірі ағысы қатты асау өзен баланы тереңіне батырып бара жатқанын байқаған. Ойланбастан өзенге секіріп түскен құқық қорғау қызметкерлері баланы 2 шақырым жерге дейін ағызып барғанда үш жақтап жүріп құтқарып алады.

Бір ажалдан аман қалған Кирилдің ата-анасы болса ерен еңбек көрсетіп  жасөспірімді құтқарған ішкі істер саласының мамандарына айрықша алғысын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK