Алматы облысы Арыс қаласындағы 157 жекеменшік үйді қалпына келтіріп, 150 мектеп оқушысына бір ай бойы жер жәннаты Жетісуда тегін демалып қайтуына бар жағдай жасайтын болады. Бұл туралы Талдықорған қаласында өткен  баспасөз мәслихатында облыс әкімі Амандық Баталов  мәлім етті.

 БАҚ өкілдері алдында сөз алған Амандық Ғаббасұлы: — «Арыс шаһарын қалпына келтіру бойынша еліміздің әр облысы және республикалық маңызы бар қалаларға арнайы учаскелер бөлінді. Бізге №15 учаске берілді. Ол, ауданда: 29 көше, 9 әлеуметтік, 14 коммерциялық нысан мен 854 жекеменшік тұрғын үй орналасқан. Соның ішінде 157 жекеменшік тұрғын үйді қалпына келтіру жұмысы біздің аймақтың еншісінде. Бұл үшін қазір біз жергілікті қазынадан 1 млрд. теңге бөліп, нақты жұмыс жоспарын жасап, құрылыс ауқымын анықтаудамыз. Бұл істі жүзеге асыру үшін Арыс қаласында арнайы құрылған жұмыс тобы жүр. Ал, құрылысты салуға бірнеше танымал серіктестік жұмылдырылмақ. Жұмыс бір айдың ішінде бітуі тиіс. Сонымен бірге Арыстағы 150 мектеп оқушысы жазғы демалысының бір айын Жетісудың ең көрікті жерлерінде орналасқан лагерлерде өткізетін болады. Балалар шілде айының 10 жұлдызынан бастап қабылданады. Келген жасөспірімдер Еңбекшіқазақ ауданы мен Қапшағай қаласындағы «Тау Жаңашар» және «Күншуақ» лагерлерінде тынығып қайтады. Оған  жергілікті бюджеттен қосымша 30 млн. теңге қаражат бөлінді. Аймағымызда балдырғандардың демалысын  ойдағыдай өткізу үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, моралді-психологиялық қалпына келтіру мәселесі де қарастырылады», — деді.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір облыста 53 гуманитарлық көмек қабылдау пункті ашылған. Қайырымды іске тек мемлекеттік қызметкерлер ғана емес, кәсіпкерлер мен қоғамдық ұйымдар және облыстың қарапайым тұрғындары да ат салысуда. Соның нәтижесінде арыстық ағайындарға 26 маусым күні жалпы құны 56 млн. теңгеден асатын 10 автокөлікпен  азық — түлік, киім-кешектер мен  түрлі құрылыс заттары жеткізіліп, табыс етілген.  Бүгінде онда жинақталған 17 млн. теңгенің заттары тағы бар.

Еске сала кетсек, 2010 Қызылағаш ауылын су шайып кеткенде барша қазақстандықтар жұдырықтай жұмылып, жан-жақты көмек қолын созған еді. Бұл жолғы Арыстағы жағдайға байланысты, Алматы облысының мемлекеттік қызметкерлері мен бюджеттік мекеме өкілдері өз еріктерімен бір күндік еңбек ақыларын арнап, жалпы 40 млн. теңге көмек қаржы аударды. Бұдан бөлек, облыстың кәсіпкерлері, шаруа қожалықтары мен қоғамдық ұйымдары 50 млн. теңгеге жуық қаржыны «Түркістан» әлеуметтік қорының есеп шотына жөнелтті. Осы орайда, мен Арыстағы ағайынға қол ұшын созған барлық қайырымды және жомарт жандарға айрықша алғыс айтамын, — деді  өңір басшысы.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK