лагерь
Суретті түсірген А.Нұршанов

«Жаз жайнатып, күн күлдіріп, біз лагерьге барамыз», – демекші, мектеп оқушылары  каникулды қызықты өткізу мақсатында демалыс орындарына  баруға асығады. Жаздың қуанышы пен қызыққа толы ұмытылмас естеліктері лагерден бастау алады.
Талдықорған қалалық білім бөлімінің мәліметі бойынша, жазғы каникул кезеңінде  жалпы білім беретін мектептердің  1-10 сыныптары  бойынша 26 758 оқушыны қамтитын   сауықтыру демалысы мен  бос уақытты тиімді өткізу мәселесі алдын ала жоспарланған.

Қала сыртындағы  лагерьлерде  2300, мектеп жанындағы тамақтандырылатын лагерьде  4480, мектептің  тамақтандырылмайтын  лагерінде 4200  оқушы демалады. Ал, 13 мыңдай  бала  ата-аналарымен бірге   демалыстарын қызықты  өткізуді бастап кетті.

Балалар мен жасөспірімдердің  шығармашылықпен, спорттық-туристік, интеллектуалдық қабілеттерін дамыту жағы да ұмыт қалмаған.

 Жыл сайын көп балалы және  әлеуметтік аз қорғалған отбасылардың  балалары да  жазғы сауықтыру шараларымен қамтылады.   Биыл да аталған санаттан  3532 бала қамтылады. Қаладағы барлық мектеп жанындағы спорт алаңдарында маусым-шілде айларында оқушыларға футбол, волейбол спорттық ойындарынан жарыстар ұйымдастыру қолға алынды.

Қала әкімінің қолдаумен жыл сайынғы дәстүрге сай 450-дей бала  1 күнге демеушілер көмегімен  Балқаш, Қапшағай көліне демалуға апарылады. Сондай-ақ, жалпыұлттық патриотизм ұғымын кеңейтуге бағытталған «Туған жер» бағдарламасы аясында балалардың жазғы демалыста алдын ала әзірленген маршруттар бойынша тарихи маңызы бар орынға саяхат ұйымдастыру көзделген. Мысалы, Текелі қаласындағы археологиялық ескерткіштерге, петроглифтерге, Кербұлақ ауданындағы  этнограф ғалым  Шоқан Уәлихановтың мұражайына барады. Мұнан өзге де  Сарқан ауданында орналасқан Черкас шайқасына арналған мұражайға, Еңбек ерлері  Нұрмолда Алдабергенов пен Зылиха Тамшыбаеваның  ескерткіші мен мемориалдық мұражайына және т.б облыс көлемінде тарихи орындарына саяхат жасалады. Бүл іс-шараға  2519 оқушы қатысады.

«Балдәурен» жазғы күндізгі лагерь

 Қаладағы  Оқушылар  сарайы балалардың жазғы  демалысын ақысыз ұйымдастыруға  өзіндік үлес қосып келеді.  Мұнда  «Балдәурен» жазғы күндізгі лагері ашылған.

 Оқушылар сарайының көпшілікпен жұмыс бөлімінің меңгерушісі Айша Мырзахметованың айтуынша, 2 маусымнан бастап ашылған күндізгі лагерде демалушылар қатары көп.

Суретті түсірген А.Нұршанов

«Төрт  ауысымда 400-ден аса 6 жастан 12 жасқа дейінгі  балалар демалады. Олардың жас ерекшеліктері ескеріле отырып, құрылған түрлі сауықтыру іс-шаралары мен тәрбиелік-дамытушылық бағдарламалар  жүргізілуде. Қазіргі күнде 17-28 маусым аралығында 6 топта 120-дай бала демалуда. Әр топтың тәрбиешісі мен тәлімгері бар»,-дейді.

 Лагерьдің кешендік бағдарламасына  тәрбиелік-сауықтыру және танымдық шаралар  енгізілген. Командалық–спорттық ойындар, саяхаттар, табиғат аясындағы ойындар, қызықты фильмдер көрсету, флешмобтар, түрлі тақырыпта асфальтта сурет салу байқаулары және басқа да шаралар өткізіледі. Сондай-ақ сауықтыру мақсатында бассейнге суға түсу шарасы да қарастырылған.

-«Күншуақ» тобындағы балалар  өте көңілді, арасында еркетотайларымыз да бар. Балаларға арналған  фильмдері көрсек, талқылаймыз. Ойларын айтады. Осы Оқушылар сарайындағы  ән, би үйірмелеріне қатысып,  қабілеттерін байқап жүрген әнші, бишілер де бар. Біздің лагерьде балалардың жалығуы немесе зерігуі мүмкін емес. Өйткені олар үшін алуан түрлі сауықтыру — спорттық ойындар, танымдық жұмыс жүргізіледі. Демалушылардың жайдары жүздерін көріп біз де риза боламыз. Бүлдіршіндер лагерьмен қоштасу сәтінде үйлеріне қайтқысы келмей, қимастық сезімді бастан кешіретін сәттерге жиі куә боламыз,- дейді тәрбиеші Меруерт Мұратқызы.
Лагерьде  демалушы балалар,  бұл жерде   әр күндері қызықты да мәнді өтіп жатқандарын  бізге жарыса жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK