Жүзім неміс болғанымен жүрегім қазақ

381

Бір шеті Атырау мен Алтайдың арасын жалғап, бір сілемі Алатау мен Арқаны тұтастыратын ұлан-ғайыр қазақ даласы қашанда киелі. Ұшса қыранның қанаты, шапса тұлпардың тұяғы талатын осынау өлке  қаншалықты кең болса, жер иесі қазақтың пейілі де соншалықты дархан. Себебі, кезінде тағдырдың тәлкегіне ұшырап жер аударылып келген қаншама ұлт пен ұлыс осы даладан пана тауып, жан жылуына бөленді. Бүгінде олар өз тірлігін дөңгелетіп, ұрпақ өрбітіп, өсіп-өркендеуде. «Сондай әулеттің бірінен тарап, нағыз қазақ елінің мейіріне қанып ер жеткендердің бірі менмін. Менің жүзім неміс болғанымен жүрегім қазақ»,- дейді Талдықорған қаласының тұрғыны, офицер Михаил Рейдер.

 Қазір жер жаннаты Жетісу облысының орталығындағы 18404 әскери бөлімінде лауазымды қызмет атқаратын  майор шеніндегі  Михаил Иван 1988 жылы 14 қаңтарда Целиноград қаласында дүниеге келген. Тағдырдың жазуымен ата-анасынан ерте көз жазып қалған ол Астана қаласында балалар үйінде  есейіп, орта мектепті бітіреді. Кейін Алатау баурайындағы әсем шаһар Алматыдағы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Құрлық әскерлері Әскери Институтының тәрбие құрылымдарының офицерлері мамандығы бойынша 4 жылдық оқуға түсіп үздік нәтижемен тәмамдаған. Ол, алғашқы еңбек жолын  Талдықорған қаласындағы Десанттық-шабуылдаушы әскерлерінің 18404 әскери бөлімі 1-ші десанттық-шабуылдаушы батальон командирінің Тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстары жөніндегі орынбасары болып бастаған. 2014 жылы Михаил Талдықорғандағы 48386 әскери бөліміне ауыстырылып онда Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөлімінің офицері психолог болып жұмыс жасайды. Аталған әскери бөлімде бес жылдай абыройлы еңбек еткен оны жоғарғы орын 2019 жылы Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек ауылындағы 29108 әскери бөлімінің тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі бөлімінің офицері психолог қызметіне ауыстырады. Мейлі қай аймақта жүрсе де елеулі еңбегімен елге танылған жалынды жас жігіт  2022 жылы өзі алғаш  еңбек еткен Талдықорған қаласындағы 18404 әскери бөлімі Тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі бөліміне идеологиялық жұмыс, арнайы насихаттау және мемлекеттік-құқықтық дайындық жөніндегі аға офицері лауазымына тағайындалады. Мемлекеттік тілде еркін сөйлеп, еркін жаза білетін Михаил әскери салада жауынгерлік дайындықтың қыр сырын жан-жақты меңгерген азамат. Түрлі оқу-жаттығуларға қатысып өзіне мол тәжірибе жинақтаған офицер. Сондай шеберлігінің арқасында олосыған дейін әуедегі ұшақтардан парашютпен  түнгі және күндізгі секірістеруде 25 мәрте жаттығуды сәтті  жасаған. Әрі мінсіз қызметі үшін бірнеше мерекелік медальдармен  марапатталған.

«Ер жігітке жеті өнер де аз» деген.  Михаил Рейдер үрмелі музыкалық аспаптарды тамылжыта ойнаумен қатар қыста хоккей ойнап шаңғы тебуге әуес. Жұбайына сүйікті жар, балаларына қамқор әке. Бүгінде ол жары Анна Александр екеуі Евгения, Софья есімді екі қыз бір Илья  есімді ұл тәрбиелеуде.  Халқымызда «Әке көрген оқ жонар,  шеше көрген тон пішер» деген аталы сөз бар. Аталған жарасымды жұптың үш баласы да ұдайы каратэ спортымен шұғылданып келеді. Жеткен  жетістіктері де аз емес. Көптеген жарыстарға қатысып жүлдегер атанып медаль кубоктар еншілеген. Қазірге спорт шебері дәрежесіне сай үлкен қызы Евгения жасыл белбеу, кіші қызы Софья сары жапсырмамен көк белбеу, ал, спорттың осы түрімен шұғылдануды енді бастаған ұлы Илья қызғылт сары белбеу тағады.

 – «Отанға деген махаббат отбасынан қалыптасады. Мен ата-анам болмаса да қазақ деген қалтқысыз халқымның қамқорлығында есейіп ер жеттім. Батырларымыз ақ білектің күшімен, ақ найзаның ұшымен көздің қарашығындай қорғаған ұлы даланың ауасын жұттым, суын іштім. Сондықтан да жүрегім әрдайым туып өскен  елім, киелі жерім деп соғады. Қазір мен Отан деген ұлы шаңырақтың бір уығы болып шаншылып, қасиетті елім үшін еңбек етіп жүргеніме дән ризамын. Ұрпақтарымды да ел патриоты етіп тәрбиелеуге барымды арнаймын»,  – дейді майор Михаил.

 Әріптестерінің айтуынша, ел халқына тыныш өмір мен бейбіт күндер сыйлауда әскери саладағы қызметкерлердің атқарып жатқан жұмыстары ұшан-теңіз. Аға ұрпақ пен жас буын өкілдерінің бірлікті бекемдеп, Отанды қорғау жолында қосып жатқан үлесі әрқашан мақтан тұтарлық. Михаил сынды армиямыздың айбынын асқақтататын сардарлар мен сарбаздарымызға қандай да бір құрмет көрсетсек те жарасады. Михаил Рейдер өз қызметіне қырандай қырағы, мемлекеттік тілді еркін меңгерген өнерлі ұлттар достығының нағыз ұйытқысы. Оның еліміздің өркендеуі жолында істеген істері ізгілікке толы.

Бізде берекені бекемдеп, бірліктің үлгісін көрсете білген Михаилдың отбасына амандық, қызметіне табыс, күндеріне көңілділік тілейміз!

Айдын КӘЛІМХАН.

 

ЖАУАП ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз