Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін кәсіби мерекелерімен құттықтады, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Қаланың тыныс тіршілігін бұқара халыққа жеткізу жолында аянбай тер төгіп жүрген тілшілердің еңбегі ерен. Осыны ескерген шаһар басшысы бүгін ақпарат саласының қызметкерлерімен кездескенді жөн санады. Оларды төл мерекелерімен құттықтап, жылы лебізін ақтарды.

– Құрметті журналистер! Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын! Қазіргі заманды ақпаратсыз елестету өте қиын, сондықтан да біз жаңалықтың жаршысы – телеарналар мен радио, газет, әлеуметтік желілер қызметкерлерін айрықша құрмет тұтамыз. Дүниеде, елімізде сәт сайын болып жатқан оқиғаларды отансүйгіштік ұстаным тұрғысында жария етіп, шындықтың басын ашып көрсету – Сіздердің мамандықтарыңыздың ерекше қыры. Олай дейтінім – қазіргі кезде қоғамның, адамдардың өзекті, әрі шынайы ақпаратқа деген талғамы өте жоғары. Бұл орайда, біздің қала аумағында ақпарат айдынында еркін көсілетін журналистер мен тілшілер қауымының еңбегі елеулі. Сіздердің күн-түн, мереке-мейрам демей жасайтын тынымсыз еңбектеріңізге куәміз, сондықтан да жоғары бағалаймыз, әрі құрметтейміз. Отбасыларыңызға амандық, бақыт және зор денсаулық тілеймін!, — деді Ғ. Әбдірайымов.

Сондай-ақ, Ғалымжан Райылұлы Талдықорған қаласы аумағында 38 бұқаралық ақпарат құралдары тіркелгендегін атап өтті. Оның ішінде екі облыстық, екі қалалық мерзімді басылымдар, 9 ақпараттық агенттік, 19 тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдары, 2 журнал, 2 электронды бұқаралық ақпарат құралдары (ТРК), кабельдік операторлар және радио халыққа қызмет көрсетуде. Марапаттау рәсімінен кейін Ғ.Әбдірайымов бұқаралық ақпарат құралдары саласының қызметкерлері мерекесі бекітілгендігін тілге тиек етіп, мемлекет басшысының осы қаулысын қолдайтындығын атап өтті.

«Бұл бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы маңызды рөлін айқындайтын әділ шешім болып отыр. Осыдан кейін журналистердің статусы биіктейді деп білемін»,- деді қала әкімі.

Айта кетейік, қала әкімімен кездесуге ардагер журналистер, өңірлік және республикалық телеарналардың, қалалық мерзімді басылымдардың тілшілері келді. Жиын барысында сөз алған журналистер арнайы көңіл бөліп, құттықтап отырған қала әкіміне өздерінің ризашылықтарын жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK