— Ғалымжан Райылұлы, сіздің әкім болып тағайындалғаныңызға 2 айдан асты. Бізбен сұхбаттасудың сәті енді ғана түсіп отыр. Соған қарағанда уақыт тапшы ғой деймін…

— Менің тағайындалуым еліміздегі үлкен науқандармен қатар келді. Осы екі айдың ішінде Талдықорғанға вице-премьер Гүлшара Наушақызы бірнеше министрлермен келіп кетті. Премьер-Министріміз Асқар Мамин келді. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев іс-сапармен болды. Еліміз үшін аса жауапты науқан – ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауы өтті. Сайлау үлкен дайындық жұмыстарын қажет ететіні белгілі. Алматы облысы – екі Президенттің туған жері. Сондықтан, біздің мойнымыздағы жауапкершілік 2 есе десем артық емес. Күн-түн демей жұмыс атқарылды. Нәтижесінде, 9-маусымда өткен ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына жетісулықтардың 89 пайызы дауыс беріп, еліміз бойынша алдыңғы қатардан көрінді. Біздің талдықорғандықтардың 78,5 пайызы сайлауға қатысты. Қала үшін бұл үлкен көрсеткіш. Осынау саяси науқанға үлес қосқан барша талдықорғандықтарға шексіз ризашылығымды білдіремін.

— Талдықорғанның әлеуметтік-экономикалық дамуындағы негізгі мәселелер қандай? Жұмысты неден бастап жатырсыз?

Сурет авторы А.Нұршанов

— Маған Талдықорғанның тіршілігі бұрыннан-ақ таныс. Осыған дейін мен Алматы облысы әкімінің аппарат басшысы, орынбасары болып қызмет еттім. Еліміздегі қай қаланың болмасын негізгі күрмеуі шешілмеген мәселелелері ортақ. Ол: су, жол, жарық, жылу. Талдықорғанда бұл кешенді түрде жүргізіліп, оң шешімін тауып келеді. Қазіргі кезде қаланың шеткері аудандарына, саяжайларға ерекше көңіл бөлініп жатыр. Мен келгелі саяжайларда 2 үлкен кездесу болды. Халықтың сұрап отырғаны — су. Бақша баптап, мал ұстап отырған ағайынға жер мен су аса өзекті. Бұған дейін «Мерекелік» және «Үйтас» саяжайларында сусорғыш құрылғы күйіп кеткен екен. Оны бағбандар өздері қайта қалпына келтіруі тиіс еді. Бірақ, «Мүмкіндігіміз жоқ, көмек беріңіздерші» деп өтінген соң, әкімдік бастама көтеріп, қаладағы «Талдықорған су құбыры» және «Талдықорған жылу сервисі» секілді ірі мекемелер арқылы жөндетіп бердік. Саяжайлар үшін ауыз су да қиын. «Мерекелік» пен «Үйтасты» ауыз сумен толық қамту үшін биыл әрқайсысына 1 млрд. 200 млн. теңгеден қаржы бөлініп отыр. Осы айда аталған саяжайларға ауыз су жүргізу жұмыстарын бастаймыз.

Сурет қала әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Бұл жерде Алматы облысының әкімі Амандық Ғаббасұлының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Еліміздің мұнайлы өңірлерінің өзінде саяжайды ауыз сумен қамту үшін мұндай қаржы қарастырылып отырған жоқ. Ал, бізде бір саяжай үшін ғана 1 млрд. 200 млн. теңге бөлінді. Саяжайдағы ағайындар «Бізге бірінші жолды жасап беріңдер» деп талап қояды. Біз қазір саяжайларға ауыз су тартып жатырмыз. Яғни, көшені қазамыз. Газ жүргізудеміз. Ол үшін де көше қазылады. Одан кейін оны қайта көміп, жарық тартамыз. Соңынан көшені тегістеп, жол саламыз. Ал, бірінші кезекте жол төсеп тастасақ, су, жарық, газ тартқанда оны қайта бұзуымызға тура келеді.  Түсіндіруге тура келді. Қазір халықпен мейлінше түсіністікпен жұмыс жасап жатырмыз.

— Қаламызды газдандыру жұмыстарына тоқтала кетсек. Көгілдір отын кіргелі 2 жыл болды. Бірақ, газдың қызығын көріп жатқандар тым аз секілді.

— Талдықорғанға дейін 265 шақырым газ магистралі тартылып, қаланы газдандыру бағытындағы жұмыстар 4 кезеңге бөлінген. Бүгінде 3-ші кезеңнің жұмыстары аяқталды. Талдықорған бойынша 54 мың абонент газға қосылуы керек. Қазіргі кезде 4 мыңнан аса абонент табиғи көгілдір отынның қызығын көріп отыр. Әрине, бұл төмен көрсеткіш. Қазір үйлерді газға қосумен 18 мердігер мекеме айналысып жатыр. Қаланы газға қосу бойынша жұмыстар енді-енді қарқын алып келеді. Оның үстіне облыс әкімінің бастамасымен қаладағы көпбалалы аналарға, әл-ауқаты төмен отбасыларға, соғыс ардагерлеріне газды тегін қосу үшін 500 млн теңге қаржы қарастырылған. Қазіргі кезде 300-ден аса үйге құжаттар рәсімделді.

— Көпбалалы аналар мәселесі қалай шешілуде?

— Көпбалалы аналармен бүгін де, кеше де жиналыстар өтті. Ол кісілердің негізгі мәселесі – баспана. Қазіргі кезде Талдықорғанда көпбалалы аналарға арналған 125 пәтерлі 2 үйдің құрылысын бастап кеттік. Одан бөлек Талдықорғанның кіре берісіндегі 600 коттеджді қалашықтың ішінен 170 коттедж тек қана көпбалалы аналарға арнап салынып жатыр.  Жалпы алғанда, биыл 325 көпбалалы отбасын баспанамен қамтуды жоспарлап отырмыз. Бүгінгі күні 15 отбасына баспана берілді.

Сурет қала әкімінің баспасөз қызметінен алынды

Қазіргі кезде Талдықорған бойынша 3037 көпбалалы ана бар. Олардың 1146-сы тұрғын үй кезегінде тұр. 325-і биыл басапаналы болады. Одан бөлек көпбалалы отбасының балалары мектепте тегін ыстық тамақпен, жазғы демалыспен қамтылған.  Аналардың өздері қаладағы қоғамдық көліктерде тегін жүреді. Газын тегін қосып береміз. Көпбалалы отбасынан шыққан мектеп түлектеріне арнап облыс әкімі тағы 100 білім грантын тағайындап отыр. Сондықтан, көпбалалы аналардың мәселесі жан-жақты шешіліп жатыр деп айтуға толық негіз бар.

— Талдықорған үшін өзекті мәселенің бірі – көшедегі «жабайы» сауда. Біздің басылымның оқырмандары бұған дейінгі әкімдердің бұл мәселемен қалай күрескенін біледі. Сіз қалай күреспексіз?

— Облыс әкімі маған осы бағытта жүйелі жұмыс істеу керектігін тапсырды. Мәселені «Мұнда сауда жасамыңыз» деп шешуге болмайды. Алдымен сол көшеде отырған азаматтарға жағдай жасауымыз керек. Шағын аудандардан шағын дүкен-киоскілер салу, Абай мен Гауһар ана көшесіндегі базардың жұмысын жандандыру мәселесін ойластырып жатырмыз. Мен Тараз қаласында әкім болып тұрғанда қала ішінен саудаға ыңғайлы 100 орын белгіледім. Жеміс сататыны бір бөлек, ет сататыны бір бөлек, киім-кешек, ойыншық сататыны бір бөлек болатын. Мен Талдықорғанға ауысқанда сол 100 орынның 36-сы жұмыс істеп тұрған. Бұл жұмысты Астанаға барып көріп келген едім. Сол бастаманы Талдықорғанда да жалғастырмақпын. Облыс әкіміне ұсынысымды айтып, рұқсатын алдым.

— Тараз бен Талдықорғанның қандай ұқсастық, қандай айырмашылықтары бар екен?

— Тараз қаласы Талдықорғаннан 2,5 есе үлкен. 400 мыңнан аса халқы бар. Талдықорғанда 172 мыңнын үстінде халық тұрады. Халықтың арасында айырмашылық болмайды ғой. Бірақ, әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырғанда Талдықорғанның әлеуеті жоғары, жағдайы жақсы. Тек биылдың өзінде Талдықорғанда 119 көшені жөндеуге 6 млрд. 700 млн. теңге қарастырылған. Таразда бұл көрсеткіштер әлдеқайда төмен.

Тараздан кеткенде мені «паркшіл әкім» деп атапты. Себебі, бір жылдың ішінде облыс әкімі Асқар Исабекұлының идеясымен Таразда 4 парк салдық, ескілерін жаңғырттық. Қазақстандағы ең ұзын 220 метрлік фонтанды іске қостық. «Жеңіс» паркін жаңғырттық. Қайрат Рысқұлбековтың музейін салып, паркін жаңғырттық. Талдықорғандағы «Жастар» паркі мен «Қаратал жағалауының» құрылысына да өзім қатысқанымды мақтан тұтамын. Ол кезде облыс әкімінің орынбасары болатынмын.

Сурет авторы А.Нұршанов

Қазіргі Талдықорғанның көркі көз тартады. Алматыдан келетін меймандар қаламыздың ажары ашыла түскенін айтып отырады. Олардың ең алдымен көретіні шаһарымыздың оңтүстік-батыс бөлігіндегі жаңа аудандар, жаңа ғимараттар ғой. Салтанат сарайы, көрме кешені, драма театр, оқушылар сарайы, «Жастар» спорт сарайы, жастарға қызмет көрсету орталығы, журналистер үйі сынды қайталанбас сәулетті ғимараттар қалаға ерекше сән сыйлап тұр. Бұның барлығында облыс әкімі Амандық Ғаббасұлының қолтаңбасы бар. Негізі, басшылықта құрылыс пен сәулеттен хабары бар адам болғаны өте жақсы деп есептеймін.

— Жүйелі жұмыс үшін жақсы кадрлар керек. Қала әкімі ауысқанда кадрлық өзгерістер болар ма екен деген елеңдеулер болады. Бүгіннің өзінде 2-3 кадр ауысты. Тағы ауыс-түйістер бола ма?

— Ия, қазіргі кезде менің бір орынбасарым ауысты. Осыған дейін қаланың құрылыс саласына жауапты болған Дәурен Тұрғанбаевты өз өтініші бойынша жұмыстан босаттым. Дәуренмен бұрын да бірге қызмет атқарғанмын. Тиянақты, тыңғылықты жігіт. Өзі өтініш айтпаса, жұмыс жасай беруіне кедергі болмас еді. Оның орнына 30 жылға тарта еңбек өтілі бар Сайлауғалы Байназаров есімді азаматты тағайындадым. Қала әкімінің аппаратына да жаңа басшы – осыған дейін облыстың шаруашылық бөлімін басқарған Асқар Құрманғалиев келіп жатыр. Сондай-ақ, қаланың тазалығына, абаттандырылуына жауапты «Талдықорған көркейту» ЖШС-на осы саланың жілігін шағып, майын ішкен, еңбекқор жігіт Владимир Қауысбековты қайта шақырттық. Тағайындалған азаматтар туралы сіздердің сайттың оқырмандары алдыңғы жазбалардан хабардар болуы керек. Сондай-ақ, қаланың кәсіпкерлік бөлімін басқарған қызметкеріміз Нұр-Сұлтан қаласына үлкен қызметке кетіп барады. Бұйырса, ол бөлімге басшыны сол бөлімнің ішінен қойсақ па деген жоспарымыз бар.

— Әлеуметтік желіде қаншалықты белсендісіз?

— Қаншалықты белсенді екенімді халық айта жатар. Міне, 2 смартфоным бар. Күндіз-түні қолдан түспейді. Отбасыммен де, арыз-мұңын айтқан ағайынмен де, тұрғындармен де ғаламторда сөйлесіп отырамын. Үлгермей жатқанда жігіттер де көмектеседі. Инстаграмға және фейсбукке тіркелгенмін.

— Енді талдықорғандықтар үшін аз-кем өзіңіз туралы айтып өтсеңіз.

— Мен 1965 жылы 14-мамырда Жамбыл облысы, қазіргі Тұрар Рысқұлов ауданы, Құлан селосында өмірге келдім. Әкем – Райыл Әбдірайымов мұғалім, ғылым кандидаты. Жамбыл облысы Луговой ауданындағы зооветеринарлық техникумда 24 жыл бөлім меңгерушісі болып, сабақ берген. Анам – Алмагүл Әбдіраймова нағыз еңбектің адамы. 33 жыл бойына таңғы сағат 5-тен тұрып сиыр сауған. Сол еңбегіне қарай 2 дүркін ҚазССР Жоғарғы Кеңесінің депутаты, Ленин орденінің кавалері, «Құрмет» орденінің иегері атанды. «Еңбек қызыл ту», «Қызыл ту» ордендерімен, «Дружба» орденімен, Ресей федерациясының «Екатерина великая ІІ» орденімен наградталған. Қазақ КСР-нің Еңбегі сіңген қайраткері. Кейін сүт фермасының меңгерушісі болып еңбек етті. 78 жасында, осыдан 1,5 жыл бұрын өмірден қайтты. Біз отбасында бесеуміз – 3 қыз, 2 ұл. Кіші інім қара шаңырақта. Қалғанымыз Алматы қаласы мен Алматы облысында тұрамыз.

Сурет отбасылық архивтен алынды (әпкесі, анасы, жұбайы)

Мен жар таңдауда жолы болған адаммын. Жарым — Гүлайым маған 4 бала сыйлады. Төртеуі де кесарь тілігімен туған балалар. 3 қыздан кейін ұл туып берді. Сол кезде дәрігерлер: «Өзің де медиксің, өз өміріңді ойласаңшы» деген екен. Сонда менің жұбайым: «Ғалымжанның мұрагерін өмірге әкелсем болды, мен қорықпаймын» деп көнбепті. Алланың қалауымен, аман-есен ұлымды дүниеге әкелді. Жолдасым менің анамды өле-өлгенше өз анасындай көрді. Анам бірінші рет инсульт алып, ауруханаға түскен кезде, маған айтпай жұмыстан біржолата босап шығып, бар уақытын анамыздың күтіміне арнады. Толық сал болып қалған шешем сол күтімнің арқасында 4 айда орнынан тұрып кетті. Содан кейін 11 жыл өмір сүрді. Екінші рет инсульт алғанда да үлгерді. Сондықтан анам келінін қыздарынан артық бағаламаса, кем бағаламайтын.

— Жұмысқа талапшыл екеніңізді байқадық. Отбасында қатал емессіз бе?

— Бүгінде балаларымыздан 4 немереміз бар, жақында бесеу болады. Алды мектепке барды. Бір қызым АҚШ-та, өзге балаларым Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Талапшыдығым отбасында да бар. Өзім көп жыл спортта болғам. Сондықтан, бала тәрбиесінде қаталдау болдым.

— Спорттың қай түрі?

— Бұрынырақта ережесіз жекпе-жекпен айналысқанмын. Елімізде «Әлем файтерс» деген клуб бар. Мен соның президентімін. Оның директоры әлемнің 3 дүркін чемпионы Ардақ Назаров.

Сурет отбасылық архивтен алынды

Әлем жауангерлері деп аударылатын клубты ағайынды Назаровтармен бірігіп ұйымдастырғанбыз. Қазіргі кезде бірнеше қыз-жігітті чемпиондыққа баулып жатырмыз. Қазір клуб Алматы, Астана, Қарағанды облысында жұмыс істейді. Екінші жарты жылдықта Талдықорған қаласында да жұмысын бастайтын болады.

— Неге қызығасыз?

— Хоббиім – атбегілік. Жылқы десе ішкен асымды жерге қоямын. Жас күнімде өзім де бәйгеге шауып, көкпар тартқанмын. Кейініректе ат баптадым. Тапқан табысымды бала-шағаның киім-кешегіне емес, жылқыларымның жем-шөбіне жұмсаушы едім. Кейінгі кезде оған қолым тимей жүр.

— Әу демейтін қазақ жоқ. Өнердің ішінде қайсысын жанға жақын көресіз?

—  Сенесіз бе, оқу бітірген соң өлең түгілі, тақпақ айтып көрмегенмін. Бірақ, ортаншы қызым тұрмысқа шығарда әкелік пейілмен «Қызыма» деп арнау жаздым. Арнауыма досым Бауыржан Есебаев ән жазып берді. Қызымның ұзату тойында жұбайым екеуміз сол әнді орындадық.

Кейіннен әніміз көп тойларда айтылатын болды. Әрі, осы әнмен ұзатылған қыздардың бірде бірі тұрмыстан қайтып көрген жоқ (күлді). Кейіннен жарыма арнап, ұлыма арнап өлең жаздым. Оларға да ән жазылды.

— Қандай арманыңыз бар?

Арманым біреу-ақ – халыққа қызмет етіп, алғыс алу. Балаларым мен немерелерімді ел мүддесіне қызмет ете алатын азамат қып жеткізу. Бақ та, береке де отбасыңда. Әр отбасы бақытты, бақуатты болса, тұтас ел де қуатты болады.

— Сұхбатымыз журналистер мерекесі қарсаңында жарық көріп отыр. Біздің әріптестерге айтар лебізіңіз болса мархаббат.

— Менің журналист достарым көп. Оларды жақсы түсінем. Себебі, біздің әулеттен де журналист шыққан. Кіші әпкем Гүлмира Мұхтарова КазГУ-дың журналистика факультетінің түлегі. Қиын да қызықты мамандық иелерін төл мерекелерімен құттықтаймын. Жазып, жариялайтын жақсы жаңалықтарыңыз көп болсын!

— Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK