Талдықорғанда «Жетісу Арыспен бірге!» акциясы басталды. Осыған орай, облыс орталығында гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылып отыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында айтылды, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

«Өздеріңізге белгілі күні кеше Түркістан облысы Арыс қаласында төтенше жағдай орын алып, тұрғындардың жақын маңдағы елді мекендерге көшуіне тура келді. Сол жерде зардап шеккен отандастарымызға қолдау көрсету мақсатында «Жетісу Арыспен біргеІ» акциясын бастап отырмыз. Осы бір сын сағатта жұрт болып қолдау көрсетіп жібергеніміз дұрыс деп ойлаймын», — дейді Алматы облысы азаматтық Альянсының директоры Елдар Сапаров.

Айтуынша, гуманитарлық көмекті қабылдау пункті шамамен бір ай көлемінде таңғы сағат 09:00-ден кешкі 21:00-ге дейін жұмыс істемек. Қолдау акциясын ұйымдастырушылар Алматы облысының атынан Арыс қаласына үлкен керуен баратынын мәлімдеді. Осы орайда Эльдар Қайсарұлы бұл шараға барлық тұрғындарды белсенді қатысуға шақырып, мүмкіндігінше көмек қолын созуды ұсынды.

Жалпы, зардап шеккен арыстықтарға беретін ең қажетті заттардың тізімі дайындалған. Олардың қатарында консервілер, дәнді дақылдар, макарон өнімдері, минералды су және балаларға арналған киімдер мен көрпе, жастықтар бар.

Айта кетейік, қабылдау пунктінің мекенжайы Талдықорған қаласы Қабылиса жырау көшесі 127 үйде орналасқан. Одан бөлек, Түркістан облысында осы жағдайға байланысты арнайы корпоративтік қор құрылған. Қаржылай жәрдем бергісі келген азаматтар ақшаларын сол жерге аударуға болады.

ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ КӨМЕК: Түркістан облысы Арыс қаласында зардап шеккендерге жәрдем беру «Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры арқылы жүргізіледі.

«Түркістан» корпоративтік әлеуметтік даму қоры реквизиттері:
Түркістан облысы
Түркістан қаласы, Кызылорда тас жолы , 34 А ғимараты,
Пошта индексі 161200
БСН (БИН) 100440016000
«ForteBank» АҚ Түркістан қаласындағы филиалы
ЖСК (ИИК) KZ7196528F0007014540
БСК (БИК) IRTYKZKA

Алматы облысы әкімдігінің бастамасымен жетісулық мемлекеттік қызметкерлер мен бюджеттік мекеме өкілдері Арыс тұрғындарына арнап өздерінің бір күндік еңбекақыларын аударуда. Жойқын жарылыстан зардап шеккен халыққа материалдық көмек көрсету мақсатында қалалық «Талдықорған» газетінің қызметкерлері де бір күндік жалақысын аударды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK