Талдықорғанда жас ақын Әмина Айдаханның « Қалықта қанатты хаттарым» атты шығармашылық кеші өтті. Қаладағы Оқушылар сарайында өткен шара ақының Алматы облысы әкімінің қолдауымен «Жетісу кітапханасы» сериясы бойынша  жарық көрген кітабының тұсаукесеріне орай ұйымдастырылған.

 Атап айтсақ, аймақта биылғы Жастар жылы аясында Алматы облысы әкімі Амандық Баталовтың  тікелей қолдауымен 20 жас ақынның кітабы жарық көрген болатын. Солардың қатарында Әмина Айдаханның «Қанатты хаттар» атты жеке жыр жинағы бар. Оған қаламгердің 70-ке жуық туындысы енген. Бүгінде автор қалалық, облыстық, республикалық көптеген жыр мүшәйраларының жеңімпазы. Біраз өлеңдері өзбек тіліне аударылған.  Рухани кешке киелі Жетісу өңіріндегі ақын-жазушылар және қалың өнерсүйер қауым жиналды. Кешті ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Мұратхан Шоқан жүргізді. Кеш шымылдығы табиғи  көріністермен сахналанған талапты жастардың оқуында автордың жан тебірентер өлеңдерімен  түрілді. Осыдан соң өңір өнерпаздары ақынның сөзіне жазылған әсем әндерді шырқап, би билеп, тартымды концерттік бағдарламаларын  жұрт назарына ұсынды.  Сөз кезегінде ізгі тілектерін жеткізіп, шығармашылық табыс тілеген қауымды кәусар жырларымен сусындатқан ақын: «Маған және менің шығармама баға беретін қасиетті халқым. Бастысы әдеби саладағы осыған жеткен жетістігім көптің көңілінен шықса болғаны. Өнерге қолдаушы, қорғаушы болып жүрген ел-жұртым барда менің шығармашылығым тек мұнымен ғана шектеліп қалмайды. Алдағы уақытта бұдан да сүбелі, тың туындылармен  ойлы оқырман қауымын қуантуға тырысамын», — деді.

Жалпы, рухани кештен  ерекше әсер алып қайтқан жұрт оған жеке-жеке шығармашылық табыс тілеп тарасты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK