Алматы облысында биылғы жылы екінші мәрте үшем өмірге келді. Бөбектерін  анасы Алматыдағы көпсалалы клиникалық ауруханада  босанған. Үшемнің әкесі 1990 жылы туған Таңатар Тұрғанбаев есімді азамат, ал, анасы 1992 жылы өмірге келген Эльмира Өмірзақова. Жас жұбайлар қазір Жамбыл ауданының Ұзынағаш ауылында тұрады.

Үшемге ата-анасы Нұрай, Айдай, Шырай деп ат қойған. Жас жанұяның  тұңғышы ұл, есімі Хан. Енді Тұрғанбаевтар  әулетінің сәбиі тағы үш қызбен толықты. Ана мен бала денсаулығын біраз уақыт бақылауда ұстаған алматылық ақ халаттылар оларды  ауруханадан шығарды.

Естеріңізге сала кетейік,  биылғы наурыз айында Талдықорғандағы облыстық перинаталдық орталықта үшем өмірге келіп, оларға ата-анасы Алима, Алиша, Альмира деген есім берген еді.

Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бауыржан Ысқақтың айтуынша, қазір өңірде бала туу көрсеткіші жыл санап артуда. Мәселен, өткен жылы 40 мыңнан астам сәби дүние есігін ашса, олардың 366-сы егіз. Биылғы жылдың алғашқы 5 айында аймақта 16 мың 333 бала өмір есігін дін аман  аттап, 135 ана  егіз, екі  ана үшем туған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK