Бүгін Талдықорған қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров облыс орталығында жүріп жатқан құрылыс нысандарымен, жол жөндеу және абаттандырылу жұмыстарымен танысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Әкім орынбасары алдымен «Қаратал» шағын ауданында бой көтеріп жатқан тұрғын үйдің құрылысын тексеруге барды. Алайда, Назарбаев зияткерлік мектебінің қасында орналасқан нысанның қазір құрылыс жұмыстары тоқтап тұр. Сайлауғалы Әбдісәліұлы қалалық құрылыс бөлімінің мамандарынан жұмыстың не себепті жүрмей тұрғандығын сұрады.

«Неге бұл нысанның ешқандай паспорты орнатылмаған? Құрылыс қашан басталды? Қай уақытта аяқталады? Осының барлығы жазылып, ілініп тұруы керек қой», — деді С.Байназаров.

Құрылыс бөлімі мамандары келтірген дерек бойынша, тұрғын үй құрылысын «Сурмак» компаниясы жүргізіп жатыр. 2016 жылы басталған құрылыс «Өз үйім» бағдарламасы бойынша салынуда.

Барлық мән жаймен танысқан әкім орынбасары келесі аптаға дейін құрылыстың нақты мерзімі көрсетілген паспорттың орнатылуын жауапты мамандарға тапсырды.

Осыдан кейін С.Байназаров сапасы сын көтермей тұрған бірнеше автобус аялдамасын арнайы барып көрді. Мәлім болғандай, ол жерлерде адамдар отыратын орындықтар сынып, ағаштары жұлынып қалған. Кейбір аялдамаларда тіпті қоқыс тастайтын арнайы жәшіктер жоқ болып шықты. Осындай кемшіліктерді байқаған әкім орынбасары жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Малдыбай Қалиевке аталған олқылықтарды дүйсенбі күнге дейін ретке келтіруді тапсырды.

Келесіде Сайлауғалы Әбдісәліұлы тұрғын үйлердің аулаларында жүргізіліп жатқан жұмыстармен танысты. Ол жерде әкім орынбасары ел игілігіне арналған дүниенің – сапалы болуы керектігін айтты. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Нұрлан Қыстаубаевтың айтуынша, биыл Талдықорғанда 48 аулаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі.

С.Байназаров бастаған жұмысшы топ Қабанбай батыр көшесіне жүргізіліп жатқан жұмыспен де танысты. Қазір жұмысшылар жолдың шетіндегі жақтауларды жаңасына ауыстырып, асфальт төсеуге дайындау үстінде. Алайда, жол құрылысшылары көшенің шетіне үйінділерді қалдырып, тұрғындарға қолайсыздық тудыруда. Осыны байқаған әкім орынбасары мұндай жағдайға жол бермеу керектінін айтып, жұмысты таза атқаруға шақырды. Сондай-ақ, жол жөндеу жұмыстарына байланысты тұрғындарға қолайсыздық тудырғандығын сипаттайтын анықтамалық белгіні көшенің әр қиылысына орнатып қоюды міндеттеді.

Айта кетейік, Қабанбай батыр көшесіне жөндеу жұмыстары 2018 жылы басталған. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша бұл жұмыстар ағымдағы жылда толық аяқталып бітеді.

Сондай-ақ, Сайлауғалы Әбдісәліұлы бөлім басшыларымен бірге 7-ші шағын ауданда құрылысы жүріп жатқан 16 қабатты тұрғын үйдің, 8-ші шағын аудандағы көпбалаы аналарға арналып салынып жатқан 125 пәтерлі баспананың және коттеджді қалашықтағы үйлердің құрылысымен танысып шықты. Одан бөлек, қалаға қарасты Ынтымақ ауылы мен «Жастар-2» ықшам ауданындағы жол құрылысымен және электр бағаналарының дұрыс қойылуын қадағалап қайтты. Жауапты мамандарға нақты міндеттерді жүктеп, жұмыстың сапалы атқарылуын қадағалауды тапсырды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK