ҚР Байланыс және  ақпарат қызметкерлерінің күніне орай белгілі қаламгер, сатира сарбазы, облыстық, республикалық байқаулардың жүлдегері Серік Жортановтың  әзіл-сықақ әңгімесін ұсынып отырмыз. Серік Омарханұлы Жортанов  көп жылдар бойы бұрынғы Талдықорған облыстық «Жетісу» телерадиокомпаниясында бас редактор қызметін атқарған. Өмірінің соңына дейін ар-ұятын ту етіп, облысымыздың саяси-қоғамдық өміріне белсене араласты. Ол сатира-юмор жанрында республика оқырмандарына кеңінен танымал болды. 1972 жылы Қазақ Мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, 1983 жылы Алматы  Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. 1986 жылы «Ара» журналының «Жатыпатар» бәйгесінде екінші орынды, облыстық «Бейбітшілік толқыны» бәйгесінің бірінші жүлдесін жеңіп алды. Әңгімелері облыстық, республикалық басылымдарда және ұжымдық жинақтарда жарияланып, «Жалын» баспасынан сатиралық әзіл-сықақ әңгімелері  жеке кітап болып басылған. «Тәртіп» әзіл-сықақ әңгімесі  Серік Омарханұлының «Ақиық азамат еді…» деректі очерк пен әңгімелер жинағынан алынды.

Тәртіп

(әзіл-сықақ)

Шыр етіп бұл жарық дүниеге келгелі өтірік айтып көрген жан емеспін. Әлдебіреулердің жазған өтірік өлеңдері мен әңгімелерін оқығанда қызғаныштан өзімді-өзім алдағым келіп кетеді. Осы өтірік өлеңнен айтыс ұйымдастырғанда, ақындар мен жазушылар арасында бәйге жарияланғанда өзімнің түкке алғысыз екенімді сеземін. Осындайда туа сала өтірікке тәрбиелемеген әке-шешеме іштей ренішімді айтамын.

«Өтірік айтпа, оқушы өтірік айтпайды, шын сөйлейді. Өтірік айту әдепсіздік» деп бірінші кластан миымды толтырып тастаған мұғалімдеріме де әуелде өкпемді айтып, артынша ұрсып аламын. «Шіркін,сол өмірге келген күннің ертеңіне-ақ өтірік үйреткенде бүгін оқалы шапанды киіп, үкілі домбыраны шерте  білмесем де қолыма ұстап, ана шаршы топтың алдында өзге емес, мына мен отырмас па едім. Тасқа басылып атым да газетке шығып жататын еді. «Өтірік өлең бәйгесінің жүлдегері» деген атақтың өзі неге тұрады.

Енді соның бәрінен тәрбиенің жетіспегенінен құр алақан қалып отырған жайым бар. Өзім өтірікке жоқ болғаннан кейін бе,  менімен бірге жұмыс істейтіндер де мұндай қасиеттен жұрдай. Құлақтары қалқиып бір сұрақ қойсаң үш-төрт рет жауап қайтармай жақтары тынбайды. Одан бұрын оқығандарына дәлел келтіріп, сөздерінің артына тіркеп қоятындары тағы бар.

Мен жұмыс істейтін мекеменің сырты қызыл таспен қапталған. Еденінен шатырына дейін көз тартады.  Дұрыс қолды суретшінің қолынан шыққан суреттерге қарай-қарай көзің талады, соза-соза мойның ұзарады.  Мекемеміз сәніне салтанаты дегендей қаланың ортасындағы бау-бақшасы мол, ағаштары түзу өскен, өткен кеткеннің көзіне оңайлықпен шалына қоймайтын жерге орналасқан. Бастығымыздан бастап есік алдында адам баласын ішке кіргізбей, күніне бір қора балаға шұлық тоқитын көзілдірікті Балзия апайға дейін кеңсе тәртібін сүйеміз. Қалжыңға болса да өтірік айтпаймыз. Бәз біреулер бір жыл бойы кәсіподақ жиналысында қарап, мекемесіне бір тал шөп өсіре алмапты дегенге сенбеймін. Өйткені, сізге өтірік маған шын біздің мекеменің іші өз алдына бір табиғат. Гүл біткеннің бәрі самсап тұр. Жерден жерігендей бастықтың алдында отыратын секретарь қыз енді гүл мен шөпті араластырып, керегеге өсіретінді шығарды. Сол-ақ екен, әйел біткен бұл науқанға бастықтың бұйрығынсыз-ақ ат салысып кетті.

Қазір жағдайымыз жақсы, таза оттегін жұтып отырып, жұмыс істейміз. Мекеменің іші де, сырты да сыңсыған табиғат. Ондай жерде жұмыс істеу де көңілді. Оның үстіне бастығымыз қызметке тыныш адам. Миллион адам тұратын қаладан дәл осындай мінезді адамды итпен іздесең де тапайсың. Бастық болам деп жүргендерге үлгі ететін нағыз «образец» адам осы кісі. Жетісіне бір рет басымызды қосады. Кәсіподақ жиналысы ай сайын сәрсенбінің сәтіне өтіп тұрады. Мұндай ортаға түскеніме өзімді бақытты санаймын. Жиырма жылдан бері табан аудармай жұмыс істеп жүргенім де сондықтан.

Кеңсе этикасы бәрімізге ортақ, тәртіп дін аман. Алғашында  темекіні арнаулы  орынға шегетін едік, қазір мүлдем қойдық. Тек жаңадан келген бірлі-жарым оқыған балалар тәртіпке үйрене алмай жиі  дала кезіп кетеді. Ол институт бітірген жүгермектер көк-жасыл мекемеміздің де, даламыздың да ауасын бұзып бітті. Айналайындар өздері институт бітірген емес пе, арақ ішпейді. Айтуларына қарағанда айран мен арақты ажырата алмайтын көрінеді. Ешкімді алдамайды,жолыңнан кесе-көлденең өтпейді. Екеуінің де коллективтің белді мүшелері болуға деген ынталары зор. Келген күннің ертеңіне-ақ «кәсіподаққа мүше боламыз» деп арыз берді. Бәрі жақсы. Тек темекіге телміріп қалған бәлелер. Талғамайды. Көздеріне көрсетсең құртқанша асығады. Жоқ болса темекінің тұқылын іздеп, аула мен көшеден ештеңе таппай алысқа қаңғып кетеді. Әйтеуір езулеріне темекі қыстырмай көңілдері жай таппайды.

Кәсіподақ комитетінің председателі бастықтың ағайыны емес. Сонда да тәртіпті қатты сүйетін адам. Әлгі екеуіне арыз берген күні-ақ кәсіподақ билетін қолыма-қол жазып, мөрін басып беріп, мекеменің ішкі тәртібін қолдарына ұстата салды. Олар оны ертеңіне-ақ жаттап алып, профком мүшелеріне жаңылмай айтып берді. Сол-ақ екен, коллективтің ортасына күмп етіп кірді де кетті. Күні кеше ғана жұмысқа кірді деп айтуға аузың бармайды. Бұдан жиырма жыл бұрын келген мен не, олар не бәрі бір. Өйткені бізде тәртіп баршаға бірдей ортақ.

Қызметіміз ертеңгі тоғызда басталып, кешкі алтыда бітеді. Түсте қырық бес минут тәртіп бойынша «обед» жасаймыз. Мекемеде әлдекімнің қайсібіреуге жөн сілтеп, ақыл айтып жатқанын көрмейсің. Әркім өз жұмысын жақсы біледі. Бастықты сыйлайды,өтірік айтпайды. Ертеңгі тоғызға жетпей келіп, кешкі алтыдан аса үйлеріне қайтады. Жұмыс орнымыз жинақы. Даңғарадай бөлмеде үш адам отырамыз. Стол басы бір-бір жеке телефон. Көршілердегідей бір бөлменің ішінде отырып, телефонның кезегін күтпейміз.

Әдеттегідей басымды жұмыстан алмай шүйлігіп отырғанымда телефон шыр ете түсті.

-Ау,-дедім ақырын басқаларға бөгет жасамай.

-Отағасы,- деді телефонның ар жағынан жіңішке биязы дауыс. Үйдегі зайыбым Жамал екен.

-Жайша ма?-дедім баяу ғана.

-Балалардың папасы-ау үйге қонақтар келді. Соны айтайын дегенім ғой. Телефон соққаныма кешірерсің,-деді Жамал жалынып.

-Жақсы, жұмыстан кейін барамын,-деймін мен шұғыл жауап қайтарып.

-Түсінемін, ештеңеге алаңдама, бәрінде өзім жайғастырамын.

Екеу ара әңгімеміз осымен бітті. Жұмыстың көптігінен уақыттың қалай өткенін де білмей қалыппын. Басқа бөлмедегі бірлі-жарым қызметкерлер аяқтарының ұшынан басып кеткенге ұқсайды. Қарсы бұрыштағы жас келіншек Сәруар мен жас қыз Баршагүл қағаздан бастарын алар емес. Мен де столымның үстін тазалап, орындығымды реттеп қойып,оларға бөгет болмайын деп ақырын басып сыртқа шықтым.

Уақыт 18сағат 30 минут. Қаланың кешкі тіршілігіне енді-енді жан кіре бастаған. Алматыда не көп, автобус көп. Жұрт автобусты емес, автобус адамдарды тосатын заман. Үлкендерге иіліп, жүктерін көтеріп жастар жүр. Бұл тәртіп дегенді қойсаңшы, жалпағынан басып жүрген жан баласын көрмейсің. Бір-біріне жақындап қалғанда бас изесіп, танысын-танымасын сәлемін беріп, қырынан тұра қалады. Осы тәртіптің бел ортасында жүргендіктен бе,әйтеуір өзім көшеде қырымнан жүріп үйреніп кеттім. Қалпағым көбіне басымда емес қолымда тұрады.

Үйге келген қонақты етсіз қайтарып көрген емеспіз. Қойдың басын тартып, жылқының қазы-қартасының буын бұрқыратып әкеп танауларын жыбырлатып қоямыз.  Мұндайға біздің Жамал шебер.  Шілденің май қайнатқан ыстығында қазыны кертіп жейтін бүкіл қалада жалғыз біздің үй.

 Үйленген күннің ертеңіне балконға бір сандық ұн әкеп қойған Жамалға:

-Жаным-ау, мұнша ұнды қайтпексің? Сыртқа кіріп-шығудан қалдық қой,-дегенімде:

-Алдыңдағы шайыңды іш,-деді Жамалым бір түрлі дауыспен.

Мұнысы маған танымаған адамның бостан бос танауымнан періп қалғанымен бірдей болды. «Қатынды бастан…» деген философияны көзімді ашқалы естіп келемін. Енді соны жүзеге асыратын кез келген сияқты. Дастарқанның берекесін сақтай отырып:

-Бір сандық ұнды…-деп келе жатыр едім,Жамалым тағы да күліп отырып:

-Шайыңды іш-ш-ш…,-деді. «Іш» дегендегі «ш»-сы мұнша ұзақ болар ма. Бір кесе шайымды ішіп болғанша «ш» деген дыбыс құлағымның түбінде шыңылдап тұрып алды.

Артынан ұқтық. Бұл сандық жылқының қазы-қартасын сақтайтын «тоңазытқыш» сияқты бірдеңе болып шықты. Аумаған ауылдағы апамның өзі. О баста: «Өлсемде Алматының қызын алдырмаймын» деп әуре-сарсаңға салған апам жазда алғашқы қазыны жеген күні-ақ Жамалды ұнатып қалды.

Бүгінгі қонақтарға қысқы соғымның сақталған сүр етімен бірге жас ет жегізейін деп ет сататын дүкенге кірдім. Ойым бір дорба сиырдың етін алу еді. Шұжық, қарта, сиыр еті, жылқы еті деген самсап тұр. Шошқа жағы тапшылау ма, қалай, қабырғадай тілінген бірлі-жарым болмаса көрінбейді. Қолына түссең өзіңді сатып жіберуге дайын тұрған қасапшыға жақын келіп, сауда мәдениетін сақтай отырып, барынша тәртіппен:

-Сиыр еті свежий ма?-дедім.

Қасапшы адам көрмегендей менің бетіме бажырая қарап:

-Ау, о не дегеніңіз,отағасы? Кешегі етті өткізіп жібергенбіз. Мыналарды ертеңгісін жаңадан әкелді. Міне, қаны да сорғып үлгерген жоқ.Өзіңіз не, ауылдан келгенбісіз? Қайдағы бір атам заманғы сұрақты қоясыз?-деп алдыма бір үйме етті тастай салды. Кішігірім ашадай шанышқымен әрі піспелеп,бері піспелеп,бір түйір сүйек таба алмадым. Адам дегенің пенде емес пе,кейде сүйекті де аңсайды екенсің. Ұят атаулыны жиып қойып қасапшыға:

-Сүйегінен қарайласпас па екенсіз,-деп өтініш жасадым.

-Ол жағынан ұяттымыз. Соңғы кезде сүйекті емге таба алмай жүрміз. Мына көшенің ар жағындағы дүкенде қойдың еті бар. Омыртқа,жамбас мүжимін десеңіз сонда барыңыз.

Онысы да ақыл болды. Мұнда да бір ет, бір май қойдың еті самсып тұр. Піскілеп жүріп сүйегі бар бір етті зорға таптым-ау әйтеуір.

-Өлшейін бе-ей?-деді қасапшы маған бір босқа беретіндей дүңк етіп.

-Не, бірдеңе бар ма екен?-деп сұрады біреу ту сыртымнан мойнын созып.

-Бізге де сүйегінен қосып беріңіз.

-Сүйексіз құр етті алмаймыз.

-Бұлар тек таныстарына  ғана сүйек береді. Бәрі сүйек жаранды болып кеткен емес пе.

Тұс-тұстан жаңбырша жауған дауыстар қасапшы екеуміздің сөзімізді естіртер емес. қалың еттің ішінен қолыма ілінген сүйектен айырылып қалмайын деп қатып қалдым. Шамасы жіліктен бөлініп қалған асық болса керек,жайлы тұр.

-Өлше,-дедім етпен бірге қолымды таразыға салып.

-Қолыңызды алыңыз дегенде ғана саусақтарымды әлгі асықтан зорға босаттым. Көзім сонда да таразы мен етте емес, шетінде бұлтиып тұрған сүйекте. Қойшы, әйтеуір алдым-ау.

Артымнан айтылып жатқан қаңқу сөздер тоқтар емес.

-Осы жұртта ұят жоқ. Келді де алып кетті.

-Білдей еркек, жалғыз сүйекті де бұйыртпай алды. Тамағыңа  тұрып қалғыр.

Жұрт не десе о десін, өзімнің есебім түгел  болған соң аялдамада тосып тұрған автобустың ішінен жайлы орын таңдап алып, үй қайдасың деп тартып кеттім.

Есікті әйелім ашты. Ерте келейін, кеш келейін қашанда күліп тұратын қылығымен қарсы алды.

-Ойбу-у, тағы да кілең ет алып келгенбісің. Қонақтардан ұят болды-ау,-деді Жамал.- Қалғанын бәрін реттеп қойдым. Қайнаға бастап келген үш адам залда кітап оқып отыр.

Мен ештеңе демедім. Тәртіп барлық жерде де бірдей,кеңсеге де үйге де. Көзіммен алара бір қарап, қонақтар отырған төргі үйге өтіп кеттім. Жамал ләм деп аузын ашқан жоқ. Барға риза болды. Жалпы, біздің үйде де тәртіп қатаң. Тәртіп бар жерде өтірікке жол жоқ. Бесікте жатып тәлімді тәрбие алған басым бір өтірікке зар болып-ақ келеді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK