«Жеткеннің бағасын білу үшін-өткенді еске түсір»

Халық даналығы.

Таңмен таласа «Талдықорғаннан сөйлеп тұрмыз!» деп басталатын радиотораптың үнін бүгіндері тек сағынышпен ғана еске аламыз.

Тарихын сонау 1944 жылдан бастаған облыстың радиокешені қоғамның үні болып, халқымызды ертеңгі күнге сеніммен жетелейтін қуатты құрал ретінде 60 жылға жуық қызмет атқарды. Заман талабына сай өкілеттігі бірнеше рет өзгеруге ұшырағанмен, радиохабарлар үздіксіз таратылып жататын.

Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара еңбек етіп, қағазсыз газет жұмысының өркендеуіне  атсалысқан азаматтар қаншама.

Қазіргі кезде, «мылтықсыз майдан» майталмандарының бірқатары зейнеткерлік демалыстарында жүріп- ақ, ел болашағын жақсартуға үлестерін аямай қосып жүр.

Солардың қатарында, өңірдің телерадиокешенінде айшықты қолтаңбасын қалдырған- Бейсенбекова Сара Кәденқызы.

Суретте Сара Кәденқызы жолдасы Елжас Бейсенбек және қызымен

1978 жылдан бастап,  Сара апай радио фонотекасының асыл қорын байытуға көп еңбек  сіңірді.

Ол кісі белгілі қаламгер, жазушы Елжас Бейсенбектің асыл жары, құдай қосқан қосағы. «Елекең қайда жүрсе, мен сол жерде жүрдім ғой» деп,еске алады апай тебіреніп.

Облыстық газетте корректорлық жұмысты атқарып, кейіннен ағаны Жаркентке ауыстырғанда, ол жерде заман талабына сай аудандық радиотораб ашылып, апай машинистка-диктор жұмысына қабылданады.

Қызығы мен қиындығы өз алдына бұл жұмысқа  білек сыбанып, құлшыныспен кіріседі. Бірде, аудандық атқару комитеті хатшысының аудандық радио үш тілде (қазақ,орыс,ұйғыр) хабар тартуы тиіс деген нұсқауы келеді. Оның себебі, түрлі жұқпалы аурулар белең алып, дәрігерлердің кеңестері қажет болды. Ал,Қытайдан қоныстанған азаматтардың көбісі ұйғыр тілін ғана түсінеді.Сондықтан да ұйғыр тілінде де хабар шығару қолға алынады. Талап қатаң. Оны атқару бұрынғы хабар жүргізіп келген адамға жүктелді. Яғни, маған дейді апай. Алдымен «Ұйғыр» газетіне барып, мақалаларды буын-буынмен «диктовка» арқылы машинкаға басуды үйрендім, одан соң екпінді дұрыс түсіріп оқуға машықтандым. Себебі, ұйғыр тілінің бір өзгешелігі -жазылуы бөлек те айтылуы бір бөлек сөздер кездеседі. Мәселен, екі деген сөз «ики» деп жазылып, «ішки» деп айтылады. Бір күні қасымдағы әріптестерімнің бірі «Сериқ чачлиқ Мариям» деген повесті әкеліп берді. Оны күнімен, түнімен оқыдым,арасында дауыстап та оқимын. Сонымен «Сары шашты Мариям» повесін оқығанымның арқасында ұйғырша да сөйлеуге машықтанып алдым. Бас,аяғы бір айдың ішінде мен радиодан ұйғырша хабар жүргізуге де дайын болып шықтым.

Бірінші ұйғыр тіліндегі хабарым Изимов деген дәрігердің кеңесіне арналды.Сәтті шықты дейді апай.

1972-ші жылдары Елекеңнің жұмыс бабымен Талдықорғанға көшіп келіп, мен де жауапты хатшыға көмекші ретінде жұмысқа тұрдым. Телетайп хабарларын қабылдаймын, дайындаймын.

Шынымды айтсам, жұмыс істеуге сонша құлқым болмады. Уақытым мол, телетайп хабарлары жиі келе бермейді. Ал жалақысы өте көп-100 сом. Оны алуға да ұятым жібермейді. Босқа отырып, ақша алып жатқандай болдым.

Газетте Айдын Қашқынбаева бас корректор еді, сол жерге мен де сұранып, жұмысқа тұрдым. Жалақысы 65 сом, бірақ жұмыс көп, рахат!

Сол жерде 1978 жылдың маусым айына дейін істедім. Ол жылдары облыстық телерадиокомитеттің бастығы Тұрсын Әбдуали. Бір күні Тұрсын Елекеңе бізде фонотекада бір орын босап тұр, соған Сараны жіберіңіз деп айтып, мен аяқ астынан радиоға келдім. Нұрәния Дауытова деген керемет машинистка бар екен, бірақ ол кісі сол радио құрылғалы жұмыс істеп келе жатқанымен бірде-бір рет еңбек демалысына шығып көрмепті.Нүрәнияны  18 күнге демалысқа жіберіп, мен алдымен машинистка болып жұмыс істедім. 1978 жылдың күзінде «Дыбыс қорының меңгерушісі» деген қызметке қабылдандым. Бір жылға дейін жұмыстың қыр-сырын үйренуге машықтандым. Ол кезде жылына бір рет семинар-практикаларға жібереді. Алдымен радионың атынан, кейіннен теледидардан сондай іс-тәжірибе жинақтадым, ұжымға үйреніп, сіңіп кеттім.

Жұмысым өзіме қатты ұнады.Журналистер неше түрлі хабарлар дайындайды. Орыс, қазақ тілдерінде «Жаңалықтар», «Ұлағат» , «Дала дүбірі», «Имандылық иірімдері», «Алыстан келген ағайын», «Сазды сәлем», «Отанға қызмет етемін!», «Заң және заман» т. б хабарлармен қоса, күнделікті кешкісін әуе толқынынан шығатын «Ерден атайдың ертегісі» хабары да бар. Ұжым еңбеккерлерінің арасында отбасын  құрған жастар көп, балалары кішкентай, кейде оларды жұмысқа алып келеді, сондайда, әлгі ертегіні бөлмемде қойып,тыңдатамын. Сәбилер тыңдап жатып ұйқыға кетеді.

1978-ші жылдан 1993-ке дейін өзімнің жұмыс істеген осы орнымды «жұмаққа» балар едім.

Телерадиокомитеттің  дыбыс қоры өте бай болды. Түрлі мерекелерге байланысты театрландырылған көріністерді дайындау үрдісі енді қалыптаса бастаған кезең. Қаланы қоспағанда, аудан-аудандардан дыбыс жазып алуға, көріністерін музыкамен көркемдеу үшін адамдар бізге көптеп ағыла бастады. Алдымен алыс-алыс аудандардан келгендерге қызмет көрсетіп, барлығының да бабын табуға тырыстық.

Кей сәттері өз армандарымды сценарийлерге қосып та жіберетін едім. Сол арқылы жақсы жетістікке жетіп жатқандарға сүйсіне қуанатынмын.

Кейін радиокомитет жанынан телевидение ашылды.

Мүмкіндігіміз одан әрі молая түсті.

Бір күні драма театрдың дыбыс режиссері Қарлығаш Исаева және актриса Алмахан Кенжебековамен кездесіп қалдық, олар әңгіме арасында спектакльге қажетті көркем туындыларды Алматыдан алып келетіндерін айтты. Оған уақыт кетеді. Мен, біздің фонотека қоры өте бай, соны неге қолданбайсыңдар деген ойымды білдірдім.

Менімен бірге жұмысқа келген олар, «мынаның барлығы музыка ма» деп, дайын қорапшаларды  қолдарына алып көріп жүр. Қуаныштарында шек жоқ.

Қордағы туындылардың  он мыңдайы Алматыдан,жан-жақтан жазылып келгенімен, өзіміз жазған ән-күйлердің саны екі мыңнан асты. Үлкен-үлкен 7 журналда кімнің музыкасы, қалай аталады, неше уақыт орындалады, кім орындайды, барлығы, тізіліп жазылған. Ақындар айтыстары, Темірғали Рүстембеков, Қалқа Жапсарбаевтардың ұмытпасам 56-57-ші жазылған дауыстарына дейін бар. Менің әкем Кәден Балғынбаевтың да туындылары көптеп сақталды.

Бір жылы Алматыдағы радикомитеттің фонотекасын су алып кетіп, ол жердің қызқметкерлері ең жақын облыс орталығы Талдықорғанға келіп, бізден Ғабит Мүсіреповтың Қазақстан Жазушылар Одағының 6 сьезінде сөйлеген сөзін тауып беруімізді өтінді. Тауып бердім. Олар Рақымжан Қошқарбаевтың да сөзін бізден алды.

«Небір жайсаң жандар өтті ғой,бұл жалған дүниеден» деп, апайымыз терең күрсініп алды да өз бөлмесінен домбыра көтеріп шықты. Құлақ күйін келтіріп, күмбірлете бір күйді тарта жөнелді. Мен үнсіз тыңдап отырмын.

Керемет!  Сөйтсем, бұл күй Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйлә келді» күйі . Ал домбыра Жұматайдың облыстық фонотекаға өзі таңдап,сатып  алып келген домбырасы. Осы домбыраны алғаш әкелгенде, ағамыз отыра қалып, күй ойнапты, оны Сара апай білдірмей радиожурналистер дауыс жазу үшін көтеріп жүретін «репортерға» жаза қойыпты. Кейін арнайы аппаратқа түсіріп, қай күні жазылғанын, авторына  дейін көрсетіп, қорға сақтапты. Ал домбыраның  шанағының ішіне,оны кімнің алып келгенін, күнін, айын, жылын көрсетіп қағазға жазып, салып тастаған екен.

Кейін ақын қайтыс болғанда, туындысын іздегендер, Сара апайдың баяғыда жазып алған «Ләйлә келді» күйін тауып алып, қатты қуаныпты.

Мұндай оқиғалар апайдың өмірінде көптеп кездескен еді. Оның барлығын бір мақалаға сыйдыру мүмкін емес, әрине. Мен мұнда радионың құдіреті мен ондағы қызмет атқарған асыл жанның адал еңбегін жаздым.

Радио-ақпаратты тасқынның бастау бұлағы ғана емес, ол бір мезгілде миллиондаған адамға жететін күші бар идеологиялық құрал. Қазақ халқының өнері мен таланттарын шығаруда, қайраткерлеріміздің еңбегін насихаттауда, кез-келген құбылыстарды ұлтымыздың пайдасына шешуде маңызды роль атқарады.

Қазақ радиосынан басқа, күні-түні даңғаза музыканы қойғандарымен  шектелмей, тәлімдік-тәрбиелік маңыздан жұрдай батыстық бағыттағы мәнсіз-мағынасыз хабарларға шектеу керек деп ойлаймын. Оның орнын өз халқымыздың шығармашылыққа бай, сараптамалық терең мазмұнды хабарлары бар, тыңдарманның санасын улайтын емес, рухани қажеттілігін өтей алатындай радиолар басып жатса. Ең бастысы ертелі-кеш «Талдықорғаннан сөйлеп тұрмыз» деп басталатын үнін қайта естісек.

Бұл бір менің ғана емес, барша радиотыңдарманның ойы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK