Мен ағамен бас-аяғы  он жылға толар-толмас уақыт қана еңбек еттім. Сол аз ғана уақыттың ішінде қаламы ұшқыр, айтар ойларын бүкпейтін,білек сыбана,өндіре жұмыс істейтін ағаның шәкірті болғаныма мақтанамын.

Тоқаң барлық адамдарды және өз жұмысын аса бір құрметпен қадірлейтін. Мені де жас деп қарамай,бірден жұмысқа жұмыла кірісуге тәрбиеледі.

Бұл тоқсаныншы жылдардың басы еді. Ел егемендікке енді қол жеткізіп, жаңа кезең,жаңа заман, жаңа дәуірді бастарынан кешіріп жатқан шақ. Басқа тұрмыс,басқа кәсіп, адамдардың мақсаты да өзгеше. Талабы мен қиындығы мол нарық заманы.

Сол кезде адамдардың бойына пайда болған жаңа қасиеттерді жіті көзбен барлап, пайымдап, жақсылық атаулыны бадырайта көрсету, жағымсыз, жарамсыздан жиіркенуді асыл аға тек менің ғана емес, журналистиканың қыр-сырын меңгеруге ден қойған барлық жастардың бойына сіңіруге тырысты.

Өнеркәсібі мен ауылшаруашлығы,мәдениеті бір тұралап, қайта жандана бастаған іргелі ел болашағы, мағыналы, берекелі өмір-Тоқтасын ағаның шығармашылығына өзекті арқау болды.

Заман ағымын, уақыт ерекшелігін сипаттайтын өзекті проблемаларды жиі көтеретін еді.

Теледидар облыс көлеміне енді таныла бастағанымен ағаның тартымды әр сюжетінде әлеуметтік мәнді кесек оқиғалар, жеке адамдар өмірі, олардың тыныс-тіршілігін көрсету барысында кейіпкерлердің ішкі жан дүниесіне үңіле білу қасиеттері танылып тұратын.

Жер, азаматтық, ұлттық намыс, алыстан келген ағайындар,ауыл өмірі-зерделі, ардагер азаматтың шығармашылығында көрініс тауып жататын.

Әрі ол кісі алдына қойған мақсат жолында жан адамнан сескенуді білмейтін, өрмінез, қайсарлығымен өзгемізгі үлгі болды.

Пікірін еркін айтып, қуанғанда балаша шаттанатын еді.

Облыс жұртшылығы Тоқаңды теледидардың алғашқы қарлығашы, радионың майталманы ретінде ғана емес, газет беттерінде оқтын-оқтын жарияланатын өлеңдері арқылы да жақсы танитын.

Жаратылысынан, табиғатынан ішкі дүниесі өте бай, дархан, аса мәдениетті ,жайсаң мінезді, өнегелі ісі арқылы ұрпаққа үлгі ұстаз.

Аға өмір соқпағының күнгейіне келгенде асып-тасып, теріскейіне келгенде қатты күңіренбейтін. Мүмкін адам болған соң, ол сезімдерді басынан кешіріп жататын да шығар, бірақ, біз жастарға оны сездірмей, жұмысқа беріле істеуді талап ететін.

Білгенімізден білеріміз көп кезең. Компьютер дегеннің исін де сезбейміз, естіген де емеспіз. Бармақтарымыз ауырғанша басатын машинкамыз бар. Кей кездері ойыңды жинақтап, қағазға түсіріп алайын десең, Тоқаң,  мынауың не, қажетті сандар кітапшаңда бар болса, болды емес пе, барлығын миыңа жинақтап,санаңнан өткізіп, «машбюродағы» қыздарға бірден «диктоуайт» етпейсің бе деуші еді.

Жетісудың табиғаты, аймақтың ерекшелігі, туған жер туралы тарих қозғалғанда ол кісі тіптен шабыттанып кететін. Мұның барлығын қайдан үйреніп алғансыз деген сауалымызға аға: «Мен топографпын ғой» -деп жауап беретін.

Расында да ағаның алғаш меңгерген кәсібі жердің қыртысы мен бедерін зертейтін мамандық екен.

Биік парасатты, от жүректі ағаның  қамқорлығы да ерекше еді. Осы қасиеттерін біз шәкірттері жиі аңсаймыз, сағынамыз.

Өзіне де өзгеге де жоғары талап қоя білу, кішіпейілдік пен адалдық ағаның бойындағы зор қасиеттер.

Уақыт шіркін зымырап өтіп жатыр, ағаның барлық өнегелі-үлгілі істерін көзіммен көріп куәсі болған, жүрегімнің түкпірінде берік орныққан жайларды ешнәрсе де санамнан өшіре алмайды.

Егеменді елдің іргесін қалауға атсалысқан қаламгер Тоқа жайлы бұл бір үзік сыр ғана.

Ағаның шығармашылығы туралы айтылар ой да, жазылар жайлар да алдағы уақыттың еншісінде.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK