Тәуелсіздік – елдік пен ерліктің іргетасы

1231
Айдын Нұршановтың фотосы

Тарихы тереңде жатқан елдің  өз алдына қайта егеменді ел болған күні — Тәуелсіздік күні. Халқымыз үшін аса қадірлі осынау мерекеге орай “Жастар” саябағында “Тәуелсіздік – елдік пен ерліктің іргетасы” атты салтанатты шара өтті.

Ел басына қатерлі күн туғанда «Жастық шақ маған бір-ақ рет беріледі. Біз, жастар, өмір сүруге асығатын едік, жастық шағымыз мағыналы болсын деуші едік қой? Міне, сол қымбат шағымызды жауларымыз тонап алғысы келді, балдырғанды бақшаға өрт салғысы келді. Мен соған кектенемін» — деп өр рухты жастарымыз алаңға шығып, бейбітшіліктің туын желбіретті. Бір кездері тар жол, тайғақ кешкен боздақтардың ерлігі қашанда халық жадында.

Мерекелік жиын театрландырылған сахналық қойылыммен басталды. Алаңға шыққан байрақты бәсекелерде жеңімпаз атанған  спортшыларымыз бен Тәуелсіздіктің төл құрдастары “Рухани жаңғыру” нышанын көкке ұшырды. Сахна төріне көтерілген Алматы облысының әкімі Амандық Баталов өңір тұрғындарын  мерейлі мерекемен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді.

— Құрметті қауым! Қадірменді қала қонақтары. Сіздерді Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын. Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев атап өткендей Тәуелсіздік тәуекелі жеткендердің ғана пешенесіне бұйыратын бақыт. 1991 жылы 16 желтоқсан күні еліміз Қазақстан деген атпен әлемге танылды. Азаттықты аңсаған ата-бабаларымыздың арманы орындалып, егемендік алдық. Тұңғыш Президенттің сындарлы саясатының нәтижесінде сыртқы саясатқа өз орны бар ел атандық. Шекарамызды халықаралық шарттарға сай белгілеп, көрші елдермен достығымызды нығайттық. Дамыған 30 елдің қатарына қосылуды мақсат етіп отырмыз. Бұл бағытта Жетісу жұрты да өзінің лайықты үлесін қосып келеді. Кеше “Жастар” сарайында Тәуелсіздік күніне арналған салтанатты жиында 65 жерлесіміз мемлекеттік  наградалар алды. Оның ішінде 3 адам “Парасат”, 12 адам “Құрмет” орденімен марапатталса, 9 адамға “Алматы облысының Құрметті азаматы” атағы берілді. Бұдан бөлек бірнеше жетісулық азаматтарға III-ші дәрежелі “Еңбек даңқы” ордені, ерен еңбегі үшін “Шапағат” медальдары табыс етілді. Тәуелсіздік жолындағы істеріңіз табысты болсын. Ел-жұртымыз аман, іргеміз бүтін болса, қазақ елінің алар асуы мен шығар биігі әлі алда. Бүгінгі ұлы күнде баршаңызға мол бақыт, көп қуаныш тілеймін. Халқымыздың береке-бірлігі артып, мемлекетіміздің айбыны асқақтай берсін. Тәуелсіздігіміз ғұмырлы болсын.

Салтанатты шараға арнайы келген қазақтың тұңғыш олимпиада чемпионы, Еңбек сіңірген спорт шебері, “Құрмет белгісі” ордені және I дәрежелі “Барыс”  орденінің иегері, ҚР Еңбек ері Жақсылық Үшкемпіров Жетісу жұртшылығына тілегін арнады. – Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласында үлкен мерекелік шара өтуде. Барлықтарыңызға ең әуелі  денсаулық тілеймін. Әр отбасында тек қана жақсылық болсын. Жетісу өңірі күллі әлемге танымал болсын.

Елбасымыз «Әрбір елдің жылнамасында оның жаңа тарихының бастауы болған тағдыршешті таңдар болады. Біз үшін жаңа дәуірдің арайлы таңы 1991 жылы 16 желтоқсанда атты. Сол күні әлем көгінде «Қазақстан Республикасы» атты жаңа жұлдыз жарқырай туды» — деген болатын. Егемендік жолындағы халқымыздың көрген бейнеті мен тартқан тауқыметі жарқын күндерді сыйлады. Нәтижесінде бүгінгі таңда халық даналығында айтылғандай  тәуелсіз елдің ұлы — өжет, қызы — қайратты, халқы — қаһарман.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK