Бүгін Талдықорғанда қазақтың аса көрнекті жазушысы, қазақ спорт журналистикасының негізін қалаған Сейдахмет Бердіқұловты еске алуға арналған шағын футболдан БАҚ өкілдері арасында республикалық турнир өтті. Дәстүрлі додаға биыл 8 команда қатысты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Турнирдің ашылу рәсімінде С.Бердіқұлов атындағы сыйлықтың иегері, Алматы облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрінұлы сөз алып, жарыс қатысушыларына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, ол Сейдахмет Бердіқұлов – көрнекті жазушы, редакторлық мектеп қалыптастырған даңқты қаламгер-публицист, спорт журналисіне адал болған ерекше тұлға екендігін атап өтті.

«Бұл турнир Алматы облысында, спорт журналисінің туған жерінде тұңғыш рет жалауын желбіретіп отыр. Бұл үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады деген үміттеміз,  — деді Ә.Әрін.

Келесіде Сейдахмет Бердіқұловтың ұлы Заңғар Бердіқұлов жарыстың өтуіне ұйытқы болған облыстық ішкі саясат басқармасына ризашылығын білдірді.

Сонымен, көпшілік асыға күткен сайыс та басталды. Жарыс барысында командалар екі топқа бөлініп, өзара үздіктерін анықтады. Нәтижесінде, жартылай финалға «Шығыс ақпарат» (Өскемен қаласы), «Хабар» (Нұр-Сұлтан қаласы), «Тұран» (Талдықорған қаласы) және «Апорт» (Алматы қаласы) командалары шықты.

Бұл сында «Хабар» 4:2 есебімен «Тұранды» ұтса, «Апорт» пен «Шығыс ақпарат» құрамалары 1:1 ұпай көрсеткішімен тең түсті. Алайда, пенальти сериясында 5:4 есебімен алматылық «Апорт» финалға жолдама алды.

Осыдан кейін жергілікті «Тұран» командасы мен өскемендік журналистер үшінші орынды сарапқа салды. Тартысты өткен бәсекеде 4:2 ұпаймен «Тұран» жеңіске жетті.

Ал, турнирдің шешуші ойыны тіптен қызықты өрбіді. Ақтық сайыста кездескен «Хабар» мен «Апорт» құрамалары ойынға бар күштерін сарпыды. «Шын жүйрік шабысынан танылады» демекші, финалда Нұр-Сұлтаннан келген команда бірден көзге түсті. Елордалықтар бірінші таймның алғашқы минуттарында өз қақпасына гол жіберіп алғандығына қарамастан, жігерлік танытып, есепті теңестіре білді. Одан кейін де қарымта шабуылдарға шығу арқылы ұпайларын еселей түскенін көрдік.

Алматылық жігіттер де қарап қалмады. Қарсылас команданың қақпасынан бірнеше рет саңылау іздеп, жойқын соққыларын бағыттап жатты. Дегенмен, оларға сәттілік жетіспеді ме 2:4 есебімен «Хабарға» есе жіберіп алды. Осылайша, барлық қарсыластарын жарыс жолынан ысырып, финалда «Апорттан» басым түскен «Хабар» телеаранасының тілшілері турнирдің бас жүлдесін қанжығаларына байлады.

Сонымен, жарыста бірінші орын алған командаға Алакөлге демалуға жолдама берілді. Екінші орын иегерлеріне 250 мың теңгелік «NIKE» спорт дүкенінің дисконт картасы берілсе, үздік үштіктен көрінгендерге Sony playstation 4 ойын приставкасы табысталды. Сондай-ақ, «Үздік қақпашы», «Үздік ойыншы», «Үздік шабуылшы», «Үздік ардагер ойыншы» және «Үздік қорғаушы» аталмыдары бойынша бірнеше ойыншы марапатталды. Жарысқа белсенділік танытып қатысқан өзге де командаларға Алғыс хат пен футбол добы сыйға тартылды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK