дереккөз

Бүгін еліміз бойынша мектеп бітірген түлектер үшін  Ұлттық бірыңғай тестілеу сынағы  басталды. Оған қатысу үшін – 117 242 адам өтініш берді, соның ішінде, 96 мыңнан астамы – осы жылғы мектеп түлектері немесе жалпы мектеп бітірушілердің 72 пайызы. Қалған 20 мыңнан астамы биылғы және өткен жылдары колледжді бітірушілер.   Мемлекеттік сынақ  20-сы мен 30-ыншы маусым аралығында  169 тапсыру пунктте өткізіледі.

Үстіміздегі оқу жылында Талдықорған қаласы бойынша 1154 түлек мектепті  аяқтап, қолдарына аттестат алды.  Олардың 52-сі «Алтын белгі», 21-і «Үздік аттестат» иегерлері атанды. Ал Ұлттық  бірыңғай тестілеу  сынағына 800-дейі қатысуға ниетті. Талдықорғандық түлектер 22, 24, 26 маусымда сынақ  тапсырады. Жуырда ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Ұлттық бірыңғай тестілеудің назар аударарлық бес пунктін атады.

Ең біріншісі, ҰБТ форматы бұрынғыша  қалады. Тапсырылатын пәндердің саны бұрынғыдай — бесеу, тесттік тапсырмалардың саны — 120, максималды балл — 140. Абитуриенттің дәстүрлі түрде 3 негізгі пәннен білімі тексеріледі. Олар: Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы. Қалған екі пән таңдаған мамандық бойынша болады.

Екіншіден, биылғы   жылдан   бастап, ҰБТ жылына 4 рет: қаңтар, наурыз, маусым және тамыз айларында өткізілуде.  Ал, бұған дейін түлектер ұлттық тестіні үш рет: маусым, тамыз және қаңтар айларында тапсырып келген болатын.

Айта кетейік, қаңтар, наурыз және тамыз айларындағы ҰБТ үміткерге жоғары оқу орындарының тек ақылы бөлімдеріне түсу құқығын береді. Ол ҰБТ-ларға қатысудың өзі де ақылы. Осы үш тестілеудің нәтижесі бойынша басқа үлгідегі сертификат беріледі. Ол сертификаттар грант алуға жарамсыз. Егер үміткер мемлекеттік грантты алуға ниет білдірсе, онда   маусым айындағы сынақты тапсыруы тиіс. Мысалы, қаңтар айындағы ҰБТ-ға қатысып, 120 балл жинаған абитуриент 1 ақпанда қалаған университетінің қабылдау бөліміне жүгініп, ақылы бөліміне шартты түрде тіркеле алады. Ал егер ол грант алуға ниет білдіріп, маусым айындағы ҰБТ-ға қатысып, 50 балл жинаса, ол қаңтар айындағы 120 балл алған көрсеткішімен грантқа үміткер бола алмайды.  Үшіншіден, қаңтар айында ҰБТ-ға 3 санаттағы ниет білдірушілер қатыса алады:

  1. 11 және 12 сынып оқушылары;
  1. Қыркүйек айында университетке шартты түрде қабылданғандар;
  1. Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқан студенттер. Наурыз айында тек 11-12 сынып оқушылары ҰБТ-ға қатыса алады.

Төртінші. Шығармашылық мамандықтардан басқа мамандықтарға ауысқысы келетін студенттер бұдан былай екі профильді пәннен тестілеуден өтуі тиіс. Өйткені, олар шығармашылық мамандықтарға түскен кезде осы жолғы тестілеудегі профильді пәндер бойынша тест тапсырмаған болатын. Барлық бітірушілерге сертификатпен бірге ақпараттық парақшалар беріледі. Онда құжат өткізуге болатын білім беру бағдарламаларының тізімі, ағымдағы жылы бөлінген гранттар саны, өткен жылдары өткізілген орындар бойынша конкурс қорытындысы көрсетіледі. Бұл құжатқа ерекше назар аудару қажет.
Бесінші. Оқу бағыттарының жаңа классификаторлары. Жаңа классификатордың енгізілуіне байланысты гранттар білім беру бағдарламаларының топтарына бөлінеді. Мысалы, информатика, ақпараттық жүйелер, блокчейн, big-дата және сол секілді білім беру бағдарламаларын қамтитын «Ақпараттық технологиялар» сияқты топ бар. Мәселен, осы топқа 1 000 грант бөлінді делік. Осы гранттардың конкурсы аталмыш топты таңдаған үміткерлердің арасында өткізіледі. Өтініш берушіге осы топ бойынша грант берілген кезде ол университетке түсіп, аталмыш топтың ішіндегі арнайы білім бағдарламасын таңдайды.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK