ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елде алдағы уақытта атқарылатын 10 басты бағытты атап көрсеткен еді. Соның 2-бағыты сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Осыған байланысты Талдықорғандағы жастарға қызмет көрсету орталығында «Жастар көзқарасы: парасаттылық пен адалдық» атты облыстық жастар форумы ұйымдастырылды.

«Жастар жылы» аясында және мемлекеттік қызметшілердің кәсби мерекесіне орай өткен шараның басты мақсаты – ­­­­жастардың бойына сыбайлас жемқорлыққа мүлде төзбеушілік қасиетін сіңіру, сондай-ақ, бірыңғай құзіреттіліктер шеңберіне енгізілген парасаттылық, жауапкершілік, бастамашылдық, көшбасшылық сынды құндылықтарды дәріптеу, — дейді облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы Жомарт Мандатұлы.

 Форум  ашық пікір алмасу түрінде өтті. Оған жер жаннаты Жетісудың әрбір аудан, қалаларынан жиналған 150-ден астам жас қатысты. Жиналған қауым алдында сөз алған Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Алматы облысы бойынша департаментінің басшысы Серікбай Нұрғисаев:  — «Биыл жастар жылы. Осыған сәйкес облысымызда жастар  форумы өтіп жатыр. Бұл шара арқылы бізге жастардың ойын, арманын, болашаққа деген құлшынысы мен көзқарасын білу бәрінен маңызды. Өйткені, жастар бойындағы білімін, адалдығын, парасаттылығын көрсетіп, мемлекеттік қызметке келіп, түрлі саладағы басқару жұмысына белсене ат салысуы тиіс. Ең бастысы, мемлекет басшысы айтқандай бүгінгі жастарды, болашақ мемлекет қызметкерлерді ел басқаруға баулып, жалпы қоғам жұмыстарына араластыру» –деді.

Сөз кезегінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюроның аймақтық департаментінің басшысы Данияр Тұрғамбаев, жастардың еркін ойы мен батылдығы, саяси белсенділігі мемлекет тарапынан әрдайым зор қолдауға ие.  Қазіргі қазақ жастары – азуын айға білеген адуынды мемлекеттермен терезесі тең егемен елдің еркін ұландары екендіктерін терең ұғынатын үлкен қозғаушы күш, деп атап көрсетті.

Осыдан соң жеке-жеке сөз сөйлеп жастардың қоғамдағы рөлі, басқару технологиясы, көшбасшылық  туралы өзекті ойларын ортаға  салып, ашық пікір алмасқан жетекші мамандар түрлі сауалдарға жауап берді.

Қорытып айтқанда, форумда жүргізілетін секциялық жұмыстар жастарға мотивациялық семинар-тренинг арқылы өзін-өзі дамытуына, өзгерістерге бейімделуіне және  жаңаша қөзқарас қалыптасуына бағытталған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK