Назарбаев зияткерлік мектебі
дереккөз
Жаңа технологиялар. Жаңа білім. Жаңа мектеп. Бұл  ХХІ ғасырдың мұғаліміне тән сипат. Жастар жылы аясында  Талдықорған қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептің ұйымдастыруымен  жас мұғалімдер форумы өтті. Ұстаздардың мәртебесін көтеруге бағытталған шараға Алматы облысының түкпір-түкпірінен 250 жас маман келіп қатысты.
Ұйымдастырушылардың айтуынша,  басты мақсат — жас мұғалімдердің қауымдастығын  құрып, онда өзара байланыс орнату. Мұғалімдердің мәртебесін көтеру,  мамандықты құрметтеу,  тәжірибе алмасып тұру бағытында осындай семинар, басқосулар көптеп өткізілмек. Осылайша еліміз бойынша қолға алынатын шараның алғашқы қадамы Талдықорғанда  басталды деуге болады.

— Форум — жас мұғалімдердің жеке бастамасы мен алға ұмтылысын  арттыру мақсатында, сонымен қатар Facebook, Телеграм сияқты танымал әлеуметтік желілерді пайдалана отыра тәжірибе алмасу платформасын құруды көздейміз. Бұл ретте, мұғалімдер арасында тәжірибе алмасу әрқайсымыз үшін  тиімді болмақ,-деді Назарбаев зияткерлік мектебі директорының оқу жөніндегі орынбасары Виктор Сосин.

Жас ұстаздар педагогикалық шеберханаларға, кәсіби тұрғыдан, жеке тұлға ретінде дамуға арналған әдістемелік, арт — сессия, әртүрлі командалық және креативті дамытуға арналған тренингтеріне қатысты.  Өз кезегінде зияткерлік мектептің спикерлері өз әдістемелерін жаңа форматта ұсынды.

Әр бөлінген сессияға қарай жас ұстаздар түрлі тақырыптарда ой бөлісті.

-Бұл форумда бізге белгілі әдіс-тәсілдердің «Мозаика», «Рафт», «Үнсіз кино», «Венн диаграммасы» қыр-сырын, мақсатын нақты айқындап берді. Көптеген креативті ойлауға итермелейтін тапсырмалар орындадық. Ұстаз-блогер және салауатты өмір салтын ұстанатын табысты маман болудың жолдарын қарастырдық. Сондай-ақ музыкалық білім негіздері де бар. Арт-сессия кезінде қолөнер бұйымдарын жасап, біраз демалып қалдық. Флешмоб та биледік, ән де салдық. Жас ұстаздар форумында білім көкжиегім кеңейіп, өзіме үлкен әдістемелік көмек алдым,- дейді Текелі қаласының №2 орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлжазира Орденбек.

  — Қазіргі таңда мұғалім жалғыз ақпараттың көзі болудан қалды. Нақты білім өзектілігін жоғалтты. Енді ақпаратпен жұмыс істей білу, яғни оны өмірде қолдану мүмкіндігі әлдеқайда маңызды, сондықтан мұғалімнің рөлі де өзгеріп жатыр,- деп Алмас Ордабаев өз пікірін білдірді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK