Жетісу жерінде «Зекет» қайырымдылық қоры ұйымдастырған   «Ел үлесі пәтерге» атты игі бастама  жалғасуда. Осыған дейін Алматы облысы аумағындағы көптеген адамдарды баспанамен қамтыған қор жетекшілері  77- ші баспанасының кілтін Ақсу ауданы Қызыл ту елді мекенінің тұрғыны  Ботагөз Молықбаеваға табыс етті.

Ойламаған жерден жарық та жәйлі бес бөлмелі үйдің кілтіне ие болған  жағдайы төмен отбасы мүшелерінің қуанышында шек жоқ. 34 жастағы отанасы Ботагөздің қазір 3 баласы бар, 4- ші сәбиіне аяғы ауыр. Сондай-ақ ол: — « Сенер – сенбесімді білмеймін. 6 жыл болды, пәтерден пәтерге көшіп жалдамалы үйлерде тұрып келдік. Жолдасым да жұмыссыз, қатты қиналдық. Енді міне үйлі болып отырмыз. Қасиетті Рамазан айы бітісімен  біздің жанұямызға осындай зор қуаныш келді. «Зекет» қорына, аудан халқына, басшыларға барша қауымға айтар алғысымыз шексіз», — деді.

Еске сала кетейік, Ақсу ауданында 42 мыңнан аса халық бар. Соның 4 мыңға жуығы дәл осындай тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасылар қатарына жатады. «Көп түкірсе – көл» деген. Облыстық «Зекет» қоры бұған дейін аудандағы дәл осындай жағдайы төмен 8 отбасыға баспана кілтін табыс еткен болатын. Болашақта қалған азаматтардың барлығы  баспаналы болсын деп тілейміз, – дейді аудандағы атқамінерлер.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK