Алматы облысындағы көліктік бақылау инспекциясы қызметінің жылжымалы бекеттері статистика мәліметіне сәйкес сыбайлас жемқорлық тәуекеліне бейім сала болып танылды. Бұл туралы Талдықорғандағы «Жетісу – адалдық алаңы» жолдағы жемқорлық тәуекелдеріне қарсы тақырыбында өткен баспасөз мәслихатында атап айтылды.

БАҚ өкілдері алдында сөз алған ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу басқармасының басшысы Асқар Жұмаханұлы: «Аймақтық департамент «Жетісу- адалдық алаңы» жобалық кеңсесімен бірлесіп биылғы жылдың наурыз және сәуір айларында көлік құралдарының техникалық байқаудан өткізу  және ірі көлік құралдарының салмақтық бақылау саласында арнайы тексеріс ұйымдастырды. Нәтижесінде, аталған сала сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барынша бейім екені анықталды. Ондағы негізгі мәселе — адами фактор, яғни тікелей байланыс арқылы туындаған. Сонымен бірге жүк тасымалын жүзеге асыратын компаниялардың иелері арасында анонимді сауалнама жүргізілді. Сауалнама қорытындысы бойынша сұралғандардың 72% — дан астамы ірі габаритті көлік құралдарын салмақтық бақылаудың қазіргі рәсімі сыбайлас жемқорлық көріністеріне бейім деп санайды. Атап айтқанда, бұл саладан: 2016 жылы 2 қызметкер, 2017 жылы 4 қызметкер сотталса,   өткен жылы 3 қызметкерге  сот айыппұл түрінде үкім  шығарып, 2 маманның үстінен тергеу амалдары жалғасуда»,- деді.

Мұндай жағдайлар инспекциялық ұжымындағы моральдық-психологиялық ахуалға кері әсерін тигізіп, инспекция мен жалпы министрліктің теріс имиджін қалыптастыруға ықпал етеді. Қорытып айтқанда халықтың мемлекеттік билікке деген сенімін төмендетеді, дейді мамандар.

Осыдан соң Алматы облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы басшысының орынбасары Сапарбек Тұрдалин аталған кемшіліктерді жою бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жайында баяндады. Басқосу соңында қатысушылар тілшілердің қойған түрлі сауалдарына жауап берді.

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK