Бүгін Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Мерекелік шарада облыс әкімі Амандық Баталов жетісулықтарды айтулы мерекемен құттықтады. Бірқатар азаматтар Тәуелсіздіктің 26-жылдығына орай мемлекеттік наградалармен марапатталды.

Салтанатты жиынның шымылдығы бір топ өнерпаздардың мемлекеттік Әнұранды жанды дауыста орындауымен ашылды. Артынша, сахына төріне облыс тұрғындарын мерекемен құттықтау үшін Амандық Ғаббасұлы шықты. Өңір басшысы алдымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың жетісулықтарға жолдаған ыстық сәлемін жеткізіп, жылы лебізін ақтарды. – Құрметті қауым! Қадірменді жерлестер! Сіздерді қасиетті де қастерлі мереке – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасымыз атап өткендей, Тәуелсіздік күні – өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен Ұлы күн. Тәуелсіздік – күшті рухпен және мықты мінезбен ұстап тұруға болатын тарих толқыны. Алтай мен Атыраудың арасында мемлекет құруымыз – Ұлы дала төсіндегі бабалардың асқақ арманы мен тілегінің орындалуы, — деді А. Баталов.

Сондай-ақ, облыс әкімі Қазақстанның Тәуелсіздік алған жылдардан бергі бағындырған белестерін айтып, жетістіктеріне тоқталды. Соның ішінде ел экономикасына Алматы облысының қосып отырған үлес мол екендігін тілге тиек етті. Айтуынша, бүгінде халқы 2 миллионнан асқан өңірде өнеркәсіп пен аграрлық сала жақсы қарқын алған. Жан басына шаққандағы жалпы өңірлік өнім қазіргі таңда 2 трлн. теңгеден асып отыр. Ал, республикалық деңгейдегі үлесі 4,7 пайызға дейін өскен. Облыстың білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт, шағын және орта бизнес салаларында және басқа да бағыттарда оң нәтиже бар. Биылдың өзінде өңірде 133 білім беру нысаны, оның ішінде 27 орта мектеп және 96 жеке меншік балабақша қолданысқа берілген. Облыс орталығы – Талдықорған қаласы да дамудың даңғыл жолында. Жуырда Салтанат сарайы, Көрме кешені сынды нысандар ашылса, алдағы уақытта әлемдік стандарттарға сай жабық жүзу бассейні және халыққа қажетті басқа да ғимараттар ашылмақ.

Облыс әкімі өңірде атқарылып жатқан осындай оң істерді атап өтіп, артынша мерекеге орай елдің дамуына сүбелі үлес қосқан бірнеше азаматтарды марапаттады. Яғни, бүгін 65 жерлесіміз мемлекеттік наградасын және 7 адам «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағын иеленді. Соның ішінен Амандық Ғаббасұлы Алматы облысының абыройын көтерген, бүкіл қазақтың мақтанашы Жақсылық Үшкемпіровты «Қазақстанның Еңбек ері» атағын алуымен арнайы құттықтап, айтулы марапат облысымыз үшін үлкен абырой екенін айтты. Сондай-ақ, «Гранит» арнайы конструкторлық-технологиялық бюро» ЖШС-нің директоры Талғат Адамов, «Жетісу» кәсіпқой футбол клубы»  КММ директоры (Талдықорған қаласы) Серік Мұқанов және «ZHERSU» ИӨК бақылау кеңесінің төрағасы (Алакөл ауданы) Бауыржан Оспанов «Парасат» орденін алды.

Талдықорған қаласынан «Алматы көпсалалық клиникалық ауруханасы» КММ бөлім меңгерушісі Серік Ахметов, «Спорттық-сауықтыру орталығы мүгедектер ҚБ төрағасы Елдос Баялышбаев «Шапағат» медалін иеленсе, «JICCҮТ» ЖШС атқарушы директоры Ольга Богданова, «Жетісу» орталық стадионының директоры Омар Қасымбеков, «Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясы» МКҚК директоры Данияр Құрамысов ҚР-ның Құрмет громатасымен марапатталыды. Сонымен қатар «Алматы облыстық кардиалогиялық орталығы» МКК директоры Рахымберді Сұлтанбеков, еңбек ардагері Тұрсын Әбдірешев, «KAINAR» АҚ президенті Қуаныш Әжмағамбетов, Ахмет Кендірбекұлы, «УКС» ЖШС директоры Аманжол Шормақовқа «Алматы облысының Құрметті азаматы» атағы ұсынылды. Одан бөлек, «Құрмет» ордені, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалімен бірнеше азаматтар лайықты марапаттарға ие болды. Салтанатты жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK