Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына  Талдықорған қаласы қарасты Мойнақ ауылының тұрғындары белсене атсалысты.  Аталмыш елді мекенде 731 адам дауыс беру мүмкіндігіне ие болды.

Таңнан таласа тұрып дауыс беруге асыққан жұрттың қарасы қас қарайғанға дейін еш сейілген жоқ. Жалпы ондағы сайлау әділ өтті дейді мамандар. Бұл туралы № 1022 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы Айгүл Мусекенова өз пікірін білдірді.

Сондай-ақ ол: – «Әр қазақстандық сайлауға қатысу арқылы өзінің Отан алдындағы азаматтық таңдауын жасай алады. Ел болашағын айқындайтын айтулы сәттен ешкім қалыс қалмауы керек. Осы тұрғыда бұл елді мекен тұрғындарының белсенділігі жоғары. Сайлау  барысында  ешқандай  заң бұзушылық  тіркелген жоқ» — деді.

Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының аталмыш учаскедегі тәуелсіз бақылаушы  Ербол Ахметқали егемен ел үшін маңызды шешім қабылдау әр азаматқа жүктелетін зор жауапкершілік екенін жеткізді.

Сайлау қорытындысы бойынша, қазіргі ел  Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы басым  дауыспен алға шықты. Ал, саналған дауыс саны жағынан екінші орынға «Ұлт тағдыры» қозғалысы қоғамдық бірлестігі ұсынған үміткер Әміржан Қосанов жайғасты. Қалған үміткерлер 1-3 дауыстан әрі асқан жоқ.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK