Бүгін Қазақстанның әр өңірінде кезектен тыс президент сайлауы өтіп жатыр. Саяси додаға талдықорғандықтар да белсенді қатысуда. Қазір қалада 57 сайлау учаскесі сағат 07:00 ден бастап қызу жұмысқа кіріскен, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Таң атысымен өз таңдауларын жасау үшін сайлау учаскелеріне халық ағылып келіп жатыр. Елмен бірге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов та дауыс беріп, өзінің таңдауын жасады. Өңір басшысы №974 сайлау учаскесіне жолдасымен бірге келіпті.

«Биылғы сайлау еліміз үшін өте маңызды. Сондықтан да Жетісу жұртшылығы дұрыс таңдау жасайтынына сенімдімін. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!», — деді А.Баталов.

Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайында орналасқан №974 сайлау учаскесіне барлығы 2454 сайлаушы тіркелген. 9 адам бақылаушы болып келсе, 11 адам сайлаушыларға қызмет көрсетіп, дауыс беру тәртібін түсіндіруде.

Сондай-ақ, көппен бірге дауыс беру үшін №1004 сайлау учаскесіне Талдықорған қаласының әкімі Ғалымжан Әбдірайымов келді. Шаһар басшысы тұрғындарға өзінің лебізін білдіріп, артынша өз таңдауын жасады.

Бұл учаскеде тіркелген сайлаушылардың жалпы саны 2296 адамды құрайды. Мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 90, үйде дауыс беретін 15 адам бар. Мамандар сағат 12:00 ден бастап, үйлерді аралауды жоспарлап отыр. Сайлау сағат 20:00 дейін жалғасады.

№1004 сайлау учаскесінің комиссия төрайымы Лязат Өзбекқызының айтуынша президент сайлауына тұрғындар белсенді қатысуда.

«Біздің сайлау учаскесіне әсіресе жас азаматтар келуде. Солардың ішінде 18 жасқа толған, яғни, бірінші рет сайлауға қатысып отырғандары бар. Оларға белсенділігі үшін арнайы Алғыс хат берудеміз», — дейді Л. Есботанова.

Бекзат Кәрімов: — Президент – елімізде маңызды шешімдерді қабылдайтын адам. Сол себепті бұл сайлаудың орны ерекше. Мұны байсалдылықпен шешу қажет деп ойлаймын. Қазақстан азаматтары сайлауға жауапкершілікпен қарауы керек. Өйткені әр дауыс – алдағы 10, 20 немесе 30 жыл ішіндегі елдің тағдырын шешеді.

Айта кетейік, мемлекеттің ең жоғарғы лауазымына жеті үміткер таласып жатыр. Олардың қатарында Әміржан Қосанов, Қасым-Жомарт Тоқаев, Сәдібек Түгел, Аменгелді Таспиқов, Дәния Еспаева, Төлеутай Рақымбеков және Жамбыл Ахметбеков бар. Алдын ала қортындылар 10-11 маусым аралығында белгілі болмақ. Ал, жаңа сайланған президент 16 маусымға дейін тіркелуге тиіс.

Қызық дерек.

Еліміздің жаңа президенті үшін бірінші болып дауыс берген жапониялық университетте білім алып жатқан қазақстандық Ілияс Құрманғали болып шықты. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, Ілияс Құрманғали Жапониядағы Васэда университетінде білім алуда. Бүгін таңертен ол Токиодағы сайлау бөлімшесіне барып, бірінші болып өз даусын берген. Осылайша, Ілияс кезектен тыс президент сайлауында бірінші болып дауыс берген қазақстандық атанды.

Еске сала кетейік, шетелде жүрген қазақстандықтар 65 сайлау бөлімшесінде дауыс бере алады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK