Талдықорғанда белгілі қоғам қайраткері Серік Үмбетовтың «Дала даналығы» атты  жаңа кітабының тұсауы кесілді. Тіл  сарайында өткен басқосуға Жетісу өңіріндегі ақын-жазушылар, баспагерлермен басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты. Салтанатты  шараны танымал тележурналист, облыстық «Жетісу» телеарнасының директоры  Бейсен Құранбек жүргізді.

Алғашқы сөз кезегі кітапты басып шы­­ғарған «Арда» баспасының бас дирек­торы, жазушы Асқар Алтайға берілді. Сондай-ақ, баспагер орамды ой, шұрайлы тілмен жазылған Серік Әбікенұлының жаңа кітабындағы шығармаларға жан-жақты тоқтала келіп, бұдан бұрынғы автордың  «Өмір өрнегі», «Ой иірімдері» сынды басылымдарындағы терең тұжырымдарды да атап өтті. Әрі  Асқар мырза жаңа кітаптан жалпы оқырман  өздерін толғандырған  көп­теген сауалдарға тұщымды жауап алып, өрелі ой түйетініне сенімді екенін жеткізді.

Осыдан соң Алматы облысының құрметті азаматы, қаламгер Наурыз Қылышбаев пен кезінде Талдықорған қаласын басқарған Амангелді Шегіров, жаңа кітап бума­лар­ының лен­тасын қиып, авторға ақ тілектерін арнады. Шара барысында жеке-жеке сөз алған қарымды қаламгерлер мен аймақтағы ардагерлер Серік Әбікенұлының адалдығы мен шынайы шығармаларын жоғары бағалады.

Нақтырақ айтсақ, «Дала даналығы» кітабына Серік Үмбетовтың қилы қоғам мен ойлы адам туралы ой-пікірлері, сұхбаттары және ұлтымыздың салт-дәстүр сабақтастығы мен рухани құндылықтары туралы  эсселері топастырылған.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK