Алматы облысы Панфилов ауданының таулы аймақтарында толассыз жауған жабырдан күшті сел жүрген.   Облыстық  төтенше жағдайлар департаментінің берген мәліметі бойынша оқиға маусым айының 3 күні кешкі сағат 21:00 шамасында орын алған.  Тасқын  салдарынан   өңірдегі Пенжім ауылындағы 270 үйдің ауласын су басып, қазір онда сел салдарын жою жұмыстары жалғасуда.

Осы оқиғаға байланысты Талдықорған қаласында арнайы баспасөз мәслихаты өтті. БАҚ өкілдері алдында сөз алған аймақтағы төтенше жағдайлар департаментінің өкілі Азамат Жұртбаев: «Қазір сел жүрген аймақтағы Пенжім ауылында «Қазселденқорғау» мекемесінің, әскери қызметкерлер мен басқа да құзырлы орындардың 200-ге тарта маманы жұмыс жасауда. Олар  40-қа жуық түрлі техникалармен көшелер мен аулалардағы қалдық суды сорғызып, шағыл төсеуде. Жұртқа толассыз жауыннан су деңгейінің көтерілуі туралы алдын-ала хабарланған. Бастысы қираған үй және адам шығыны болған жоқ. Сондай-ақ  онда әр  саланың  мамандары  су басқан үйлерді тексеріп, материалдық шығын көлемін анықтау үстінде», -деді.

Алматы облысы әкімдігі баспасөз қызметінің басшысы Ғалмұрат Жүкелдің айтуынша, бұл мәселе облыс әкімі Амандық Баталовтың қатаң бақылауында. Сел жүрген елді мекенде арнайы құрылған  жұмыс тобы  жүр. Олар су басқан аулаларды өз көзімен көріп, зардап шеккен тұрғындарға қол ұшын береді. Қажетті жағдайда  ауыл адамдарына барлық тараптан көмектер көрсетілетін болады.

 

 

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK