1 Маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтілетін айтулы күнді Талдықорған қаласына қарасты Мойнақ ауылының жасөспірімдері де риясыз көңіл күймен қарсы алды. Мерекелік шарада ауылдық  Мәдениет үйі мен кітапxана қызметкерлері  балдырғандарды мерейлі мерекелерімен құттықтап, түрлі сыйлықтар табыс етті.

 Осы орайда Мойнақ ауылындағы №23 орта мектеп ондағы шағын орталықтың тәрбиеленушілеріне «Бал,балалық» атты концерттік бағдарламасын ұсынды. Балақайлардың қуаныштарында шек жоқ. Ұйымдастырылған әр түрлі сайыстарда өз өнерлерін ортаға салып, ән шырқап, өлең оқып, мың бұралып би биледі. Сонымен қатар әр бүлдіршін сурет салу байқауына қатысып, үздіктері арнайы дайындалған мақтау қағаз және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Осыдан соң балаларға базарлық ретінде барлық сәбиге  балмұздақ таратылып, жүздерінен шаттықтың лебі есті.

Думанды шарада сөз алған шағын орталық тәрбиешілері Айман Молдабаева мен Шолпан Махсул ұйымдастырушыларға өз алғыстарын білдіріп, «Бала-көңілдің гүлі, көздің нұры», біздің ертеңгі болашағымыз. Балалардың балалық шақтары тек қуанышты күндерімен естерінде қалсын. Сәбидің бәрі бақытты болу  үшін жаралған!» -деп, ізгі тілектерін жеткізді.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK