Талдықорғандық кәсіпкер көпбалалы анаға төрт бөлмелі жер үйді сыйға тартты, — деп хабарлайды taldykorgan-online.kz

Гүлнар Нұржігітова Ақсу ауданы І.Жансүгіров кентінің тумасы. Оның Талдықорғанға көшіп келгеніме 10 жылдай болыпты. Осы уақытқа дейін пәтер жалдап келген жалғызбасты ана баспаналы боламын деп еш ойламаған.

– Пәтерден пәтерге көшіп жүрдік. Үй беретінін түсімде де көрген жоқпын, барлығы ойламаған жерде болды. Көп рахмет! Баспана сыйлап отырған азаматқа алғысым шексіз. Бұл жақсылығы құдайдан қайтсын деймін. Ораза айында ауыз бекітіп, үнемі дұға жасап отырушы едім. Алла тілегімді қабыл етті, — деген алты баланың анасы қуаныштан көзіне жас алды.

Сыйға берілген баспана Талдықорғанға қарасты Көктал ауылында орналасқан. Үйдің жеке қоражайы, арнайы қоймасы бар. Демеушілер тоңазытқыш, газ плитасын, балаларға арналған төсек, үстел, орындық тағы да басқа тұрмысқа қажетті заттарды көрімдік ретінде тарту етті. Ауыл ақсақалдары бата беріп, үй иесіне ақжарма тілектерін ақтарды.

Ал, игілікті іс жасаған кәсіпкер аты-жөнін жариялаудан бас тарттты. Өзінің айтуынша, бұл оның алғашқы қайырымдылығы емес. Осы уақытқа дейін балалар үйінің тәрбиеленушілеріне, жағдайы төмен отбасыларға азық-түлік, қаржылай көмек көрсетіп келген.

Айта кетейік, осыдан бірнеше ай бұрын талдықорғандық кәсіпкер көпбалалы анаға облыс орталығынан үш бөлмелі пәтер сыйлаған болатын.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK