Қытайдан қуғын көріп, Қазақстанға заңсыз жолмен қашып өткен Сайрагүл САУЫТБАЙ Қазақстаннан кетті. Бұл туралы оның адвокаты Айман ОМАРОВА өзінің Facebook парақшасында жазған.

«Қош бол, Сайрагул! Жолың болсын! Бақытты бол!

Атажұртыңда қазақпын деп асығып, Қытайдан қашып келгенде пана бермесе де, енді омірің дүние жузінде ең дамыған мемкелет есігін ашты!

Ұмытпа! Сен әрдайым НАҒЫЗ ҚАЗАҚТЫҢ ҚЫЗЫ екеніңді!!!» деп жазды адвокат әлеуметтік желіде.

Былтыр шекараны заңсыз жолмен кесіп өткен Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан тарапы 6 айға бас бостандығынан айыру туралы шешім шығарып, кейіннен жағдайды ескере отырып, шешімді шартты жазаға ауыстырған. Қытайға депортациялау мәселесі күн тәртібінде тұрғанмен, ол Қазақстанда қалдырылған болатын.

Осыдан кейін Сауытбай өзіне босқын мәртебесін беру туралы арыз түсіргенмен, комиссия оның арызын қанағаттандырмады. Бұл шешімге келіспейтінін білдірген Сауытбай тарапы комиссия шешімін «заңсыз деп тану» туралы талап арыз берген. Бұл арыз бойынша қазір сот жалғасып жатыр.

Сайрагүл Сауытбай шет елге отбасымен бірге кеткен. Адвокаттың Азаттық радиосына берген сұхбатында Сайрагүлдің Швецияға кеткені белгілі болды.

— Біз бұған дейін үшінші елден көмек сұрайтынымызды айтқан едік қой. Негізі БҰҰ сот өтпей ешқашан рұқсат етпейтін. Заңда да солай. Бірақ мен АҚШ-қа өтініш жасадым. БҰҰ-на барлық мән-жайды жеткіздік. Ұйымның босқындар жөніндегі комиссариаты Сайрагүлге ерекше жағдай жасады, Швеция өздеріне қабылдайтынын айтып, келуіне рұқсат берді, — дейді адвокат.

Жас Алаш.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK