Зымыраған уақыттың иірімі бізді жаз маусымына да әкелген секілді. Қапшағай үшін жаз дегеніміз көл жағасындағы суға түсу кезеңімен тұстас келетінін ескерсек, туризм кластерін дамытудағы ел-жұрттың игілігіне айналатын нысандар қаншалықты демалушыларды қабылдауға әзір? Таяуда, нақтырақ айтсақ, мамыр айының 24-і күні, қалалық әкімдіктің мәжіліс залында болған үлкен басқосу осы мәселеге арналды.


Жалпы Қапшағай су қоймасы жағалауында 190 демалыс орындары бар деп есептелінеді. Олардың 146-сы-тұрақты жұмыс істеп келе жатқандар. Оған қоса демалушыларға он қонақ үй комплекстері қызмет етеді. Өткен, 2018 жылы осы аймақта демалғандардың жалпы саны 400,0 мың адамды құрап, оларға 1650,0 миллион теңге көлемінде қызмет көрсетілді. Бұл көрсеткіш-Қапшағай экономикасына өндіріс пен ауыл шаруашылығынан бөлек туризм кластері де өз үлесін қосады деген сөз. Демек, келешекте осы аймақта туризмді одан әрі дамыту уақыттың талабы екені анық. Осы бағытта соңғы екі-үш жылдың көлемінде қыруар жұмыстардың атқарылғаны анық. Алда осы жұмысты әрі қарай дамыта беру- Қапшағай қаласы әкімдігінің назарында тұрған іс. Олай болса, осы мәселеге арналған басқосудың көтерер жүгі қомақты болмақ.
Қапшағай қаласының әкімі Талғат Қанатұлы Қайнарбеков жетекешілік еткен осы шараға Қапшағай қаласының прокуроры Бахытбек Батапнұлы Қарымсақов, табиғат қорғау прокуратурасы прокурорының орынбасары Жарқын Қаптағаев, Алматы облыстық тосын жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі басшысы Игорь Евгеньевич Жуков, ҚР ІІМ қарасты тосын жағдайлар департаменті облыстық басқармасының жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Берік Темірханұлы Найзабеков, Алматы облыстық көлік бақылауына қарасты су көлігін бақылау инспекциясының бас маманы Әсет Смайылжанұлы, құқық қорғау органдары басшылары, сол сияқты демалыс орындарының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Алғашқы сөз алған Қапшағай қаласы прокуроры Бахытбек Батанұлы Қарымсақов жаз маусымында демалатындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуде баса назар аударатын мәселелерге жұрттың көңілін аударды. Жалпы Қапшағай өңірінде туризм кластерін дамытуда атқарылып жатқан істер жөнінде «Қапшағай қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы Айдын Әбілқасым хабарлама жасады.
Одан кейін сөз кезегін алған Алматы облыстық тосын жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс бөлімі басшысы Игорь Евгеньевич Жуков, ҚР ІІМ қарасты тосын жағдайлар департаменті облыстық басқармасының жедел құтқару отряды басшысының орынбасары Берік Темірханұлы Найзабеков, Алматы облыстық көлік бақылауына қарасты су көлігін бақылау инспекциясының бас маманы Әсет Смайылжанұлы демалуға келетіндердің суда болу ережесін сақтау арқылы тосын жағдайларды болдырмауды, судағы су көлігін қауіпсіз пайдалану, өрт қауіпсіздігін сақтау секілді шараларды қамтамасыз етуді негізгі айтар ойларына арқау етті.
Қаралған мәселелер бойынша нақты міндеттер жүктеген басқосу осымен өз жұмысын аяқтады.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK