Салық органдарының ең басты мәселелерінің бірі – халыққа және бизнес өкілдеріне салықтық қызмет көрсету сапасын жоғарылату. Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының алдына қойған мақсаты – салық төлеушілерге қызмет көрсетудегі уақыт шығынын барынша төмендету және осы мақсаттарды жүзеге асыру үшін салық заңнамаларына енгізіліп жатқан толықтырулар мен өзгертулерді халыққа дер кезінде түсіндіру. Міндеті – салықтың және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің толықтығы мен уақытылы түсуін қамтамасыз етумен қатар, салық заңнамасын насихаттау болып табылады.

Қазіргі таңда Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасында 64 мемлекеттік қызметкер қызмет етеді. Басқарма 9 бөлімнен тұрады. Оның ішінде жеке кәсіпкерлерге, заңды және жеке тұлғаларға қызмет көрсететін кедергісіз (барьерсіз), екі орталық күніне орташа есеппен 300-320 адамға мемлекеттік қызмет көрсетеді. Олардың басым көпшілігі — жеке тұлғалар.
Бізге келген әрбір салық төлеушіге ерекше көңіл бөлінеді, оған қызмет көрсететін әрбір маман жауапты. Жалпы біз осыған мүдделіміз.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлық барлық қоғамдық тетіктердің қалыпты жұмыс істеуін қиындатып, әлеуметтік жаңару мен ұлттық экономиканы жаңғыртуға кедергі болып отырғаны, қазақстандық қоғамды қатты алаңдатып, мемлекеттік институттарға сенімсіздік тудыратыны жасырын емес.
Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауының 9-шы бөлімі «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп аталуының өзі де тегін емес.
Сөйтіп, елімізде сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендету үшін қажетті нормативтік база құрылып, одан әрі жетілдірілуде. Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының қызметі, ең әуелі, сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасында ескерілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралардың тиімділігін арттыруда тиісті шаралар кешенін іске асыру болып табылады. Осы орайда, басқарманың қалыпты қызметін қамтамасыз ету жұмыстары жүйелі, әрі жоспарлы түрде жүзеге асырылады, сонымен қатар түсіндіру жұмыстары, атқарушылық тәртіпті күшейту және басқарма қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалануына жол бермеу, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды болдырмау үшін бөлім басшылары мен тікелей орындаушылардың жауапкершілігін арттыруда тиісті іс-шаралар тұрақты түрде өткізіледі және Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексінің сақталуы қатаң бақылауға алынған. Басқармада Ішкі Қауіпсіздік басқармасының «Сенім телефоны» орналастырылған. Әкімшілік ғимараттарда азаматтардың өтініштері мен арыздарына арналған жәшіктер орнатылған. Баршаға көрінетіндей жерде Қаржы министрлігінің Әдеп жөніндегі уәкілдерінің сенім телефондары, сондай-ақ хабарландыру және кеңес алу, мемлекеттік қызметшілер мен азаматтардың электрондық өтініштерін қабылдау үшін Call-орталығы мен Департамент сайты туралы ақпарат орналастырылған. Барлық өтініштер белгіленген мерзімдерде қаралып, тиісті шешімдер қабылданады.
Бүкіл қоғамды сыбайлас жемқорлыққа қарсы шоғырландыру мақсатында Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің және Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің мемлекеттік қызметтің оң имиджін қалыптастыру мақсатында жіберліген тапсырмаларын орындауда басқармада белгілі жұмыстар атқарылып, ұжым жиналыстары, семинарлар мен техникалық оқулар өткізіліп тұрады.
Басқарма ұжымында «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Заңдарын, Мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексін, Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын түсіндіруде салық төлеушілердің қатысуымен үнемі техникалық оқулар мен дөңгелек үстелдер өткізіліп отырады.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мемлекеттің жалпы басым міндеті болып табылады, сондықтан Талдықорған қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы сыбайлас жемқорлықты тудыратын себептер мен шарттарды түп-тамырымен жою үшін барлық шараларды қабылдайды.

Т. Керімбеков,
Талдықорған қаласы бойынша МКБ басшысы.

Бөлісу
Share on FacebookTweet about this on TwitterEmail this to someoneShare on VK